
Азаттық ұғымының астары терең, ауқымы кең. Елдің тәуелсіздігі, бірінші кезекте, жердің, тілдің, діннің, ұлттың және сананың еркіндігімен өлшенетіні белгілі. 1991 жылы одақ ыдырап, жеке мемлекет болып отау құрып шыққан тұста осы құндылықтардың бәрі бірдей бойымыздан табыла қоймағаны шындық. Шекарамыз әлі шегенделмеген, тіліміз “сарыала”, дініміз дүдәмал еді. Талай репрессияны көріп, ұлтшыл болудан әбден қорқып қалғанымыз тағы бар. Бәрін басынан бастауға тура келген. Алғашқы жылдары экономикалық қиындықтарды еңсеру, тоқтап қалған өндіріске жан бітіру, заңдық негіз қалыптастыру, халықаралық байланыстар орнату сияқты кезек күттірмес жұмыстар атқарылды. Ал ұлттық сананы жаңғыртудың алғашқы қадамдары біртіндеп жүзеге асырылды. 1996 жылға көз жүгіртсек, елімізде, соның ішінде Қызылжар өңірінде санаға серпіліс әкелген біраз іс атқарылғанын аңғарамыз.
Тәуелсіздік дегеніміз, бір рет қол жеткізіп, одан әрі тұрақты күй кешетін феномен емес, ол – үздіксіз қозғалыстағы, даму үстіндегі үдеріс. Қанатын кеңге жайып, тамырын тереңдете беретін құбылыс. Мемлекет құраушы ұлттың жоғалтқанын түгендеу де – соның бір парасы. Үш жүз жылға жалғасқан бодандықтың кесірінен қазақ халқы тамырынан ажырай бастағаны шындық. Бұл тағы біраз уақытқа созылғанда қалқайып түріміз қана қалар еді дегенді тарихшылар қазір ашық айтып жүр. Кез келген ұлтты ата-тегіне қарап ажыратуға болады. Алысқа бармай-ақ, бауырлас болып кеткен грузиннің, орыстың, армянның, түріктің фамилиясын оқысаң, кім екенін бірден аңғарасың. Ал қазақтың тегіне кенеше жабысқан -ов пен -евті, -ин мен -вич-ті алып тастау 1996 жылдың 2 сәуірінен кейін ғана мүмкін бола бастады. Бұл күні Мемлекет басшысының “Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы” Жарлығы шықты. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған тұста Бауыржан батыр “Момышов” деп шақырған командирдің бұйрығын елемей, “Мен Момышұлымын” деп қасқайып қарсы шыққан екен. Бұл – сол заман үшін нағыз ерлікке пара-пар әрекет еді. Тәуелсіздіктің арқасында енді кез келген қазақтың баласы аты-жөніне -ұлы немесе -қызы деген жалғауды қосып жаза алатын күнге жеттік.
Тәуелсіздігін жариялаумен мемлекеттің егемендігі бірден қалыптаса қалмайды. Ол – ұзақ жылдарға созылатын үдеріс. Декрет, заң қабылдау – дамудың алғашқы бастамасы ғана. Нағыз Тәуелсіздік атрибуттары біртіндеп жүзеге асырылады. 1996 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда Тәуелсіздік монументінің ашылуы – ұзақ уақыт бодандықта болып, еңсесі езілген халықты рухтандырған, арманын асқақ етіп, қиялына қанат бітірген оқиға болды. Бұл ескерткішті орнату идеясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі болса, авторларының бірі, шығармашылық топ жетекшісі – жерлесіміз, атақты скульптор Шота-Аман Уәлиханов. Жуырда дүние салған Шота-Аман Ыдырысұлы Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында 1932 жылы туған. Тәуелсіздік монументінің төмен жағындағы мемориалды тақтаға Елбасының ант беру кезінде Конституцияға қойған қолының таңбасы түсірілген. Ортасында қанатты барыс үстіндегі “Алтын адам” бейнеленген. Стеланың биіктігі 28 метр. Құлпытастарға өткен мен бүгінгі күн тұлғаларының өсиет сөздері ойылып жазылған.
1996 жыл – Қазақсанда Жамбыл Жабаев жылы болып белгіленді. Жыр жампозының 150 жылдық мерейтойына орай жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Ақынның есімін жұртшылық жадында қалдыру мақсатында да ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылғаны белгілі. Мәселен, Қызылжар қаласындағы Жамбыл көшесі бұрын мектеп оқушысының шалбарындай шолақ болатын, кейін Киров көшесімен біріктіріліп, шаһардың ең ұзын даңғылдарының біріне айналды. Ақынның ескерткіші де көлегейлеу жерде елеусіз тұратын. Ол да орталыққа көшіріліп, өз тұғырына қондырылды.
“Ел болам десең, бесігіңді түзе”. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өсиет қылып қалдырған бұл сөздердің маңызы терең. Ең алдымен, ойы азат, санасы сергек жастарды тәрбиелеу арқылы ел болашағын құру қажет. Бұл – ұлттық мектептер ашу арқылы ғана жүзеге асырылатын үрдіс. Екі жүз мың тұрғыны бар Қызылжар қаласында ұзақ жылдар бойы жалғыз қазақ мектебі жұмыс істеді. Оның өзі ауылдан келіп, интернатта тұрып оқитын балалармен толып қалатын. Ал қаладағы қазақтар кішкентайларын орысша оқытты. Сең азаттықтың алғашқы жылдары ғана сөгіле бастады. Ал шаһарда таза қазақша оқытатын мектеп ашу 1996 жылы ғана мүмкін болды.
Алаш ардақтыларының бірі Жүсіпбек Аймауытұлы: “Орыс тәрбиесін алған бала – ұлт қызметкері бола алмайды” деген екен. Демек, елдің ертеңін жарқын етер жастарды тәрбиелеу үшін ұлттық мектептерді көбейту қажет. Қызылжарда қазақша сыныптардың, кейін 1996 жылы қос мектептің ашылуына “Қазақ тілі” қоғамының белсенділері көп еңбек сіңіргенін айтып өткен жөн. Олар үй-үйді аралап, ата-аналарды балаларын қазақ сыныптарына беруге үгіттеген еді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қаламызда жаңадан салынған алғашқы білім ошағы – қазіргі Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназия. Есігін 1 қыркүйекте айқара ашуы тиіс болатын. Алайда, елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты құрылыс жұмыстары бірнеше ай кешеуілдетіп аяқталды.
“Тәуелсіздік алғаннан кейін қалада қазақ мектебі қажет екені бірден сезілді. Себебі, халықтың ұлттық сана-сезімі аздап болсын ояна бастаған кез. Бұл мәселені ұлтжанды азаматтар көп көтерді. Ақыры классикалық гимназия құрылысы басталды. Қаланың ортасынан жер алудың өзі қиынға түсті. Ескі үйлер бұзылды. Экономикалық қиындықтарға байланысты 1995 жылы құрылысы тоқтап қалды. Азаматтар Президентке хат жазып, Үкіметтің қосымша қорынан қаржы бөлінді. Амалсыздан 1996 жылдың оқуын №3 мектептің базасында бастадық та, екі-үш айдан кейін жаңа ғимаратқа көштік. Бірінші-жетінші сыныптарға 128 бала қабылдадық. Ұстаздар да жетіспеді. Пединститут түлектерін шақырдық. Өзге мектептер артылған парта, тақталарын берді. Осылайша, тұңғыш қалалық қазақ мектебі өз жұмысын бастаған еді”, – деп сол кездерді білім ошағының тұңғыш директоры Жангелді Тәжин есіне алды.
Ғимараты ескі демесеңіз, оқу жылының басында күміс қоңырау сыңғырлаған алғашқы қазақтілді білім ордасы – Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп. Оқу корпусы Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін салынған бұл білім ошағы 230 орынға ғана шақталғанымен, онда былтырға дейін 600 бала оқып келді. Өткен жылы ғана “Жас өркен” шағынауданында жаңа мектеп салынып, қазіргі таңда оқушылар кең әрі жарық бөлмелерде білім нәрімен сусындауда.
Тәуелсіздіктің өзі түрлі кезеңдерден өтеді, өрлеу, баяулау, дағдарыс-тоқырау, қайта өрлеу сияқты сәттерді бастан кешіреді. Дүниежүзілік қауымдастық біртұтас әлем болса, Қазақстан – оның бір бөлігі. Бұл қауымдастықтың құрамына кірмей, оқшау өмір сүру мүмкін емес. Ел Тәуелсіздігінің мәні қауымдастықтың бір бөлшегі бола отырып, өзін тәуелсіз сезінуінен, дамудың жалпы заңдылықтарын сақтай білуінен, еркіндікті шынайы пайдалана алуынан көрінеді. Тоқсаныншы жылдары тұралап қалған экономиканы көтеру үшін шетелден инвестиция тартуға екпін берілді. Алайда, аяғынан енді-енді тәй-тәй басып келе жатқан жас мемлекеттің болашағына күмәнданушылар көп еді, сондықтан қаржы құюға асыққан жоқ. Еліміздің егемендігін тұңғыш болып таныған мемлекет – бауырлас Түркия елі алғашқылардың қатарында көмек қолын ұсынды. Соның бір дәлелі – Қызылжар қаласында салынған макарон фабрикасы. “Окан-холдинг” компаниясы жаңа фабриканы 18 айдың ішінде салып бітіріп, 1996 жылғы ақпанның 20-сы күні тұсауын кесті. Аталмыш кәсіпорынды солтүстікте салуға, бірінші кезекте, бұл өңірде өсірілетін бидайдың молдығы әрі сапасының жоғарылығы ықпал еткені анық. Фабрика тәуелсіздік жылдары түрлі даму сатыларынан өтіп, бүгінгі таңда да нарықта өзінің “Сұлтан” макаронымен танымал. Өзге де өнімдеріне тұтынушылар арасында сұраныс жоғары.
Кез келген елдің әнұраны басқа мемлекетте екі жағдайда ғана орындалады. Біріншісі – мемлекет басшысының ресми сапары кезінде, ал екіншісі – спортшылар халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен жағдайда. Соңғыларының саны басым болғандықтан көк туымызды желбіретіп, гимнімізді көп шырқататын да солар. Төрткүл дүниенің төрт жылда бір келетін басты додасы – Олимпиада. Еліміз Олимпиада жүлдегерлерінен кенде емес, бірақ олардың бәрі Қазақстанның емес КСРО-ның атынан шықты, одақтың гимнін шырқады. Қазақ елінің спортшылары 1992 жылы Барселонада өткен жарыстарға да барған, бірақ азаттығын жаңа ғана алған елдер жеке команда шығара алмай, ТМД құрамасы ретінде қатысқаны белгілі. Сол себепті, 1996 жылы Атлантада өткен жаһандық жарыс тәуелсіз мемлекетіміз үшін тұңғыш Олимпиада саналады. Спортшыларымыз бұл додада барлығы 11 медаль жеңіп алды, оның үшеуі – алтын жүлде. Жеңістің ең биік тұғырына боксшы Василий Жиров, бессайыстан Александр Парыгин және грек-рим күресінің майталманы Юрий Мельниченко көтеріліп, тұңғыш рет көк туымыз желбіреп, гимніміз шырқалды.
Атланта Олимпиадасына Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары да қатысқанын айта кеткен жөн. Велоспорттан Александр Винокуров сайысқа түскен болатын. Бұл жарыста жерлесіміз топ жармағанмен одан кейінгі додаларда – 2002 жылы Сиднейде күміс, 2012 жылы Лондонда алтын жүлдегер атанды.
Жаһандық жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері, грек-рим күресінің балуаны Нұрым Дүйсенов те барып, өз салмағында бесінші орынға табан тіреген. Спортшы үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Мамлют ауданының тумасы Нұрым Сапарұлы кейін бапкерлікке ауысып, еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырды. Қазіргі таңда да жастардың жаттықтырушысы ретінде болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп жүр.
“Дачное ауылындағы мектепті бітіре сала Ресейге оқуға кеттім. Сол жақта жүріп, 1988 жылы жастар арасында Ресей чемпионы атандым. 1990 жылы да осы сайыста жеңдім. Еліміз Тәуелсіздік алмағанда сол жақта қалып қояр ма едім, кім білсін? 1992 жылы елге қайтып оралып, ұлттық құрамаға қабылдандым. Олимпиадаға қатысу – әрбір спортшының арманы. Мен де арман қуып Атлантаға бардым. Прибалтика, Әзірбайжан балуандарын жеңіп, келесі белдесуде Болгарияның өкілінен 5-0-мен ұтылып жатып, есепті 5-6 қылып алға шыққанмын. Өкінішке қарай, келесі сәтте қарсыласым екі ұпай еншілеп, 7-6 есебімен жеңіп кетті. Бұл жеңіліс маған ауыр тиді”, – дейді телефон арқылы Нұрым Сапарұлы. Жерлесіміз Атланта Олимпиадасынан кейін бапкерлікке ауысып, сол кезде Петропавлда ашылған спорт интернатта жас балуандарды жаттықтырды. Қазір Алматыда тұрады.
Алаш туының астында азаттықтың ақ таңы атқанына биыл 30 жыл. Бұл – бүлдіршіннен бозбалаға, бозбаладан жігіттікке қадам басқан еліміздің орда бұзар сәті. Егемендік алып, ес жиғалы бері жеткен жетістік пен жеңісте есеп жоқ. Бағындырар биігіміз бен алар асуларымыз бұдан да биік боларына сенеміз.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.