Бүгінде қоғамның алдында тұрған күрделі әрі басты міндеттердің бірі – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл ретте М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Sanaly urpaq” жобалық кеңсесі үш жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Жақында ашықтықты, академиялық адалдық пен “бармақ басты, көз қыстылыққа” қарсы заңнаманың сақталуын қатаң қадағалау міндеті жүктелген кеңсе қызметкерлері кезекті интеллектуалдық ойын өткізді.
Байқау жергілікті жерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қандай да бір жұмысқа қабылдау және сатып алулар барысындағы ашықтық, білім алушылар мен оқытушылардың арасында жемқорлық фактілерін болдырмауды, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатын көздеді. Университеттің екі командаға бөлінген жас қызметкерлеріне парақорлықтың алдын алуға қатысты бірнеше сұрақ қойылды. Нәтижесінде екі топтың мүшелері де белсенділік танытып, сертификатпен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Бүгінде аталмыш жобалық кеңсенің жанынан “Буккроссинг-аймақ” пен парасаттылық мектебі жұмыс істеп тұр. Студенттердің емтихан тапсыруы кезінде “Таза сессия” акциясын ұйымдастыру да дәстүрге айналды. Еріктілер емтиханға қатысып, студенттердің тәртіп бұзбауын қадағалайды. Одан бөлек, университетте “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл” онлайн-порталы да жұмысын бастап, заң бұзушылық фактілері мен студенттерді толғандырған мәселелерді назарға алу үшін “Сенім жәшіктері” орналастырылды.
Богдан ПЕТРОВ,
“Sanaly urpaq” жобалық кеңсесінің жетекшісі.