«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САНАМЫЗДЫ УЛАҒАН СЕРИАЛДАР

Осыдан 20-30 жылдай бұрын барлық арнаны америкалық сериалдар “жаулап” алатын. Сағыздай созылған кинолардың кейбіреуі, тіпті, 250-300 серияға дейін баратынды. Айларды былай қойып, жылдарға ұласқан осындай кинолар соңғы кезде азайған сияқты еді. Бірақ қазір түрік, үнді, қытай сериалдарынан көз аша алмай қалдық.

Жасын да, кәрісін де теледидарға магниттей тартатын сансыз кинолардың қандай сиқыры бар екені шешілмейтін жұмбақ сияқты. Әйтеуір, бір сериясын көрсең болғаны, одан кейін қызықтап, “Осының аяғы не болар екен?” деген сұрақпен екінші күнді тосасың. Міне, осылай күндер аптаға, апта айларға жалғасып кете береді. Бір күн киносын көрмей қалса, басы ауырып, қызуы көтерілетін жеңгелеріміз де бар.

Тіпті, той-томалақтың өзінде де үш келіншектің басы қосыла кетсе болғаны: “Бейшара, анау Ананди не болады екен?” (“Келін” сериалының кейіпкері) деп кәдімгідей оған жанашырлық танытып, өмірін талқылап, өз ойларын қосып, біраз әңгіме қылып, әуреге түседі. “Үнді киноларының кейіпкерлерін, олардың аты-жөнін кім көп біледі” деген сайыс ұйымдастырса, сөз жоқ, ақ жаулықты әжелеріміз бірінші орыннан көрінер еді. Өйткені, олардың басым көбі Ананди, Вир, Ича, Ванш сияқты кейіпкерлерді танып қана қоймай, кинодағы рөлдерінің жақсы-жаман жақтарын айтып, таразылап та береді.

Сайыс дегенде еске түседі, осыдан бірнеше жыл бұрын бір басылым “Келін” фильмі қалай аяқталады?” деген сауал бойынша байқау да ұйымдастырғанын оқырмандар білетін шығар, бәлкім. Бір қызығы, аталмыш байқауға көп адам қатысып, өз ойын айтып, кино желісі бойынша пікірлерін қосқан екен. “Ойдан ой туады” дегендей, осындай жағдайларды сыртынан көріп, естіп жүрген кезде “Үнді сериалдарының өскелең ұрпаққа берер қандай тәлім-тәрбиесі бар?”деген сұрақ мазалайды.

Үнді, Қытай, Кәріс сериалдарының қайсысы болсын, әлбетте, ең бастысы, өз елдерінің ұлттық құндылықтарын насихаттап, салт-дәстүрлерін ұстанады. Осы жағынан алғанда, ұлттық телеарналар басқа елдің киноларын көрсетіп, әртістерін қолпаштай бергенше, отандық фильмдерге қолдау көрсетсе, құба-құп емес пе?! Бүгінде қазақ киносының алтын қорында қаншама фильмдер бар. Мәселен, “Сұлтан Бейбарыс”, “Қыз Жібек”, “Көксерек”, тіпті, балалармен бірге үлкендер де тамашалап көретін “Алдар көсе” сияқты тағылымы мол қазақ киносының үнді хикаяларынан қай жері кем?

Сән қуып жүрген кейбір қыздар бұған дейін Еуропаға еліктеп, кіндік, мұрын, еріндеріне дейін тесіп, жылтыраған сырға тағып алатын (ол қазір де кездеседі). Ал енді үнді сериалдарынан кейін басқа тағатын орамалды белге байлап, арқамызды жалаңаштап алмасақ болғаны.

Бозбалалар да бойжеткендерден қалыспайды. Олардың ішінде кәріс, қытай киноларын көріп, солардың әртістеріне еліктеп, шаштарын қыздарша өсіріп жүгендері де жоқ емес. Мұның барлығы ертегі сияқты ертеңгі күнге созыла беретін хикаялардың жастар санасына тигізіп жатқан теріс әсері. Қазақ әйелінің күнделікті күйбең тірлігі, ақылы мен әдемілігі, сабыры мен қайсар мінезі, шыдамдылығы, кішіпейілділігі жүз емес, мыңдаған сериалдар түсіруге тұрарлық. Осылайша, отбасылық құндылықтарымызды өзіміз насихаттап, дәстүрімізді дәріптемесек, күні ертең, келіндердің әлди әнінің орнына үнді өлеңін шырқамасына кім кепіл?

Теледидар да тәрбиенің бір құралы. Сондықтан да, осындай сансыз сериалдардың орнына ғибратты тұрмыс құрып отырған өнегелі отбасыларды, ақылман аталар мен абыз аналардың өнерін жастарға үлгі етсек, халықтық қалпымыз бен ұлттық болмысымызды сақтаймыз.

Жұлдыз ҚАЗИЕВА,

көпбалалы ана.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp