Жыл басынан бері петропавлдық тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкендерге қатысты 4242 әкімшілік хаттама толтырды. Олардың 1218-і айыппұл салынғаннан кейін бір жыл өтпей жатып қайтадан заң бұзып, жауапкершілікке тартылды. Одан сабақ алмаған 27 адам әкімшілік қамауға алынды.
Полицейлер спирттік ішімдік саудаланатын дүкендердің маңын, мұндай заң бұзушылықтар жиі орын алатын шағын бақтарды, жылу желілері мен аулаларды үнемі бақылауда ұстайды. Тұрғындар да ащы суға тойып алып, мазаларын алған бұзақыларды тәртіп сақшыларына хабарлап жатады. Осыдан бір ай бұрын №3 қалалық емхананың емделушілері шағым түсірген. Петропавл қаласының 1959 жылы туған тұрғыны емдеу мекемесінің маңында мас күйде жүрген. Тәртіп сақшылары заң бұзушыны медициналық куәландыруға апарып, әкімшілік хаттама толтырды.
Сурет https://inosmi.ru/ сайтынан алынды.