«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САНДА БАР ДА, САНАТТА ЖОҚ …

Өткен жұма күні “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтіп, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, жекеменшік тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу жайы, Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғындардың арыз-шағымдарын қарау мәселелері сөз болды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сергей Яковенко жыл басынан бері 19 мыңнан астам адам еңбекке орналасып, 8 мың жаңа жұмыс орны ашылғандығын жеткізді. Жігін көрсетпейтін бұл сандардың астарына үңілсек, қордаланған мәселелері жеткілікті екен. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекет қаржысына білім алып жүргендер арасында оқуын тастап кететіндер де бар екен. Сондай-ақ, белгілі бір мамандық иесі атанып, қолына куәлігін алғанымен, әскер қатарына алынып, не болмаса отбасылық жағдаймен үйінен шыға алмай отырғандар да кездесуде.

Тіпті, кейбір жұмыс берушілердің өтініші бойынша оқытылған мамандық иелері артынан жұмыспен қамтылмай қалған. Ал оларды оқытуға бөлінген қаржы желге ұшқанмен бірдей. Бағдарламаға қатысушылардан да, жұмыс берушілерден де, оқытып отырған білім ұйымдарынан да сұралмаған. Облыстық прокуратураның бірінші басқармасының аға прокуроры Марат Әжібаевтың айтуынша, Мағжан Жұмабаев, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы бірнеше ұйымдар бағдарлама бойынша жұмысшы алғанымен, олар санда бар да, санатта жоқ. Қағаз жүзінде ол жұмысшыларға ай сайын еңбекақы төленіп келген.

Жекеменшік тұрғын үйлер құрылысы үшін жер телімін бөлуде де олқылықтар орын алған. Мәселен, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бір жер телімі бірнеше кісіге беріліпті. Жалпы жекеменшік тұрғын үйлер құрылысына жер телімдерін беру мәселесі облыс орталығы мен Қызылжар ауданының Бескөл ауылында күрделі екен.

Ал Петропавл қаласы әкімдігінде жыл басынан бері түскен 16 мыңнан астам өтінішті қарауға білікті мамандар жетіспей отырған көрінеді. Бүгінгі таңда қалалық әкімдікте жұмыстың ауырлығынан маман тұрақтамай, бұл қызмет көрсету сапасына теріс әсер етіп отыр.

Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері отырыс барысында айтылған мәселелерді бағамдай келе, туындаған олқылықтарды жоятындай бірқатар ұсыныстар жасады.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp