«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САНДЫҚ ЖҮЙЕ – САПАЛЫ ӨМІРГЕ ҚАДАМ

Оқушылар сарайында Солтүстік Қазақстан облысының цифрландыру күндері аясында Ivent форумы өтті. Жиынға  облыс әкімінің орынбасарлары Дәурен Жандарбек пен Руслан Әлішев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі  Абылайхан Оспанов, “Astana Hub” халықаралық IT-стартаптар технопаркінің атқарушы директоры Әділет Нұрғожин қатысты. 

Цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасы және халық өмірінің сапасын арттыру мақсатында 2017 жылы “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Қазіргі таңда аталмыш бағдарлама елімізде кеңінен жүзеге асырылуда. Бұл туралы жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі  Абылайхан Оспанов айтты.

– Бағдарлама басты бес бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар: “Экономика салаларын цифрландыру”, “Цифрлық мемлекетке көшу”, “Цифрлық жібек жолын іске асыру”, “Адами капиталды дамыту”, “Инновациялық экожүйені құру”. Қазіргі таңда шамамен он бес миллион қазақстандық интернет жүйесімен қамтамасыз етілген. Десе де, шалғайдағы елді мекендердің интернет желісіне қосылуы үлкен мәселе. Өткен жылы еліміздің аумағында 195 шалғай ауылдар ғаламтор жүйесіне қосылса, жыл соңына дейін 685 ауылға интернет жетеді, – дей келе Абылайхан Есенұлы жасанды интеллект, яғни адам ойын компьютерде бейнелейтін бағдарламалық жүйені қолданысқа енгізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, “Цифрлық мемлекетке көшу” бағыты бойынша қазір 72 пайыз мемлекеттік қызмет түрін электронды жүйеде алуға болады. Жалпы осы уақыт ішінде 31 миллион қызмет электронды форматта көрсетілген. 1 қарашадан бастап “Тұрғылықты жерден мекенжай анықтамасын беру” мемлекеттік қызметі тоқтатылатынын айтып өткен вице-министр алдағы жылдары бірқатар құжаттар кезең-кезеңмен қысқартылатынын жеткізді.
Қазір тұрғындардың қажетті құжаттарға жылдам әрі тез қол жеткізуі үшін мобильді қосымша іске қосылған. Оның айтуынша, сандық технология – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жағдай туғызады. Бұрын стартап жобаларды жүзеге асыруда қиындықтар туындаса, Нұр-Сұлтан қаласындағы “Astana Hub” халықаралық IT-стартаптар технопаркі кедергілерді жоюға атсалысуда. Бұдан мемлекет тарапынан IT компанияларды қолдауға басымдық берілгенін аңғаруға болады.
 Жиында “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында бірыңғай “Smart city” жобасы жайлы айтылып, құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында сандық жүйені енгізудің артықшылығы туралы сөз қозғалды. Бұл орайда, Ақмола облысындағы Ақкөл қаласы алғашқылардың бірі болып “Smart city” технологияларын сынақтан өткізді. Аталмыш жоба қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау сияқты ірі қалаларда жүзеге асырылуда. 
Форум барысында “Astana Hub” халықаралық IT-стартаптар технопаркінің атқарушы директоры Әділет Нұрғожин орталықтың жұмысымен таныстырды. Ол “Astana Hub” халықаралық IT-стартаптар технопаркін кәсіпкерлік мектебіне теңеді. Өйткені, орталық мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы үйлестіруші. Технопарк – коммерциялық жоба емес. ЭКСПО аумағында орналасқан орталықта жас кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру курстары қарастырылған. Олар тегін жұмыс алаңымен, шеберхана, жетекшілермен қамтамасыз етіледі. Стартап-жобасын жүзеге асыруда мемлекет жас кәсіпкерді салықтан босатады. “Astana Hub”-тың кәсіпкерлерді оқыту жүйесінің екі түрі бар. Біріншісі – инкубация, екіншісі – акселерация. Бұл кезеңде кәсіпкерлер оқу бағдарламасынан өтіп, стартап-жобаларын дамытады. Оларға арнайы кеңесшілер көмектеседі.
Форумда өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында облыстарда стартап-жобаларды дамыту көзделіп отырғаны айтылды. Әділет Нұрғожин өңірдің жас кәсіпкерлерін бұл жобаға белсене қатысуға шақырып,  IT Hub  Петропавл орталығын ашу туралы ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, біздің өңірде ол үшін барлық мүмкіндік бар.
Жиында облыс әкімдігі, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Оқушылар сарайы “Astana Hub” халықаралық IT-стартаптар технопаркімен ынтымақтастықты нығайту бойынша меморандумға қол қойды. Форумның екінші жартысында жергілікті атқарушы орган, бизнес пен IT қауымдастық өкілдері ашық әңгіме алаңын құрды. Сондай-ақ, екікүндік форум аясында өңірдегі бірқатар жобалардың таныстырылымы өтіп, жергілікті компаниялардың сандық жобалар көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды.
 

 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
 
 
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp