«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САН СЫНАҚТА СҮРІНБЕЙМІЗ

Елбасымыздың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауы – бүгінгі дағдарыс уақытында барша қазақстандықтарға бағыт-бағдар беретін құнды құжат. Оның басты мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту, Отанымыз – Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру.

Біз бүгінде ата-бабамыз аңсап өткен азаттық таңына қол жеткізіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қадам басқан жас әрі қуатты мемлекеттердің біріне айналдық. Осы жылдар ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктері, шыққан белестері ауыз толтырып айтарлықтай, бірақ алар асулар әлі алда. Қазіргі жаһандық дағдарыс кезінде оның алдын алу стратегиясы Жолдауда көрсетілген. 2016 жылдың 1 қаңтарынан “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асырудың практикалық кезеңі басталды. Осы орайда Елбасының “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты мақаласы жарық көрді. Бүгінгі уақытша қиындық кезінде халыққа айқын бағыт бере алатын мақаланың маңыздылығын әркім жүрек елегінен өткізіп, өткір сезінетіні сөзсіз. Аталмыш мақалада заманның алдымызға қойған сан сынағын еңсерудің жолдары көрсетілген. Мақаладағы “Әлеуметтік жаңғырту ынталандырушылары” атты тақырыпта білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салалары қамтылған. Оның ішінде “2017 жылы “Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім” жаңа жобасын жүзеге асыру басталады. Оған қатысу, әсіресе, жас қазақстандықтарға олардың өмірлерінде кәдеге асатын арқаулық еңбек дағдыларын алуға жағдай жасайды”, – делінген.

Мұндай жағымды жаңалық білімге құштар жастар өміріне жаңа серпін әкелері сөзсіз. Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан да олардың білімді, білікті, талантты болуына мемлекет тарапынан барша жағдай жасалуда. Болашақта тегін кәсіптік-техникалық білім беру осындай мүмкіндіктердің айқын дәлелі.

Елбасы мақалада: “Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы”, – деп атап көрсеткен. Маңызы ерекше стратегиялық құжат болып табылатын Ұлт жоспарының жүзеге асуына және реформаларды жүргізуге әркім және барша белсенді түрде қатысу керек. Осылайша біз елімізді өркендете түсетін жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, Елбасының сенімін ақтап, өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына сүбелі үлес қосамыз. Ол – әрине, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу.

Айгүл ОСПАНОВА,

Петропавл темір жол көлігі

колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті

пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp