Сәулеш Идаятқызы – еліміз егемендік алғаннан кейін отбасы, ағайын-туғандарымен алғашқылардың қатарында атажұртқа оралған. Оның кішкенекөлдік болып кеткеніне – 25 жыл. Аудан орталығындағы №3 орта мектепте білім нәрінен сусындап, кейін сол білім ошағына мұғалім болып оралған тәлімгердің бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде ойып алар орны бар. Технология пәнінің ұстазы Сәулеш Идаятқызының есімі аталса, оның мұғалімдігімен бірге шеберлігі де қатар сөз болады.
“Шеше көрген тон пішер…” дегендей, Сәулеш өзінің анасынан үйренген тәлімімен табысқа да, абыройға да, атаққа да қол жеткізіп отыр. Ол өзі меңгерген өнерге бүгіндері шәкірттерін баулуда. Ұстаз қолөнер арқылы қазақтың салт-дәстүрі мен тарихын терең түйсінуге, ұлттық мұраларды қадірлеп, дәстүрді жалғастыруға септігін тигізуде. Тәлімгер ретінде ізденіп, шығармашылық шабытқа бөленіп, еңбегінің жемісі байқалған сайын өзін бақытты сезінетінін жасырмайды. Ол – тәлімгерліктен ләззат алатын, өнерді арман-қиялмен ұштастыра білетін, шеберлігімен жұрт назарына ілігіп жүрген өнерлі жан.
Оның жасаған бұйымдары көпті таңғалдырады. Қажырлы еңбек, сабырлылық, ізденімпаздық, ой ұшқырлығы оның қолымен өрнектелген әр бұйымнан аңғарылып тұрады. Бармағынан өнер тамған шебер Сәулеш Идаятқызы биыл “Нео-фольклор” киімдер дизайнерлерінің аудандық байқауына қатысқан кезде, оның бірінші орынды еншілейтініне ешкім шүбә келтірген жоқ еді. Айтқандай, сайыста оған тең келер жан болмады. Аталмыш байқаудың облыстық кезеңінен жеңіспен оралуына жерлестері тілектес болып, ол үміт те ақталды. Жүзден жүйрік шыққан жерлесіміз бүгінде ауданға ғана емес, елге танымал. Ол туралы республикалық “24 KZ”, “Хабар” телеарналарында арнайы хабарлар дайындалды. Шәкірттері де республикалық, облыстық және аудандық қолөнер байқауларына жиі қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Соңғы жетістіктері – былтырғы оқу жылында қашықтықтан көрсетілген қолөнер байқауына оның Ақтілек Білімтай, Ұлжан Орынбай, Сандина Ғаббасова сынды шәкірттері қатысып, өздерінің талаптарын елге паш етті.
Ризагүл ЖАҒЫПАРОВА,
Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.