«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ БІЛІМ — САНАЛЫ ҰРПАҚ

Білім берудің мазмұнын жаңарту аталған салада қызмет ететін тұлғаларға көптеген міндеттер жүктейді. Бұл міндеттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында да, ұзақмерзімді стратегияда да көрініс тапқан.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: өткен жылғы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында “Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда” деп атап өтті. “Боламын” деген бала мен “өсемін” деген жасқа бұл сөздің әсері мол.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық жолында Аққайың ауданының білім саласында жаңа құқықтық, ғылыми-әдістемелік, қаржылық-материалдық жағдайлардың арқасында оң өзгерістер орын алып, оны реформалаудың және одан әрі дамытудың тың әдістері әзірленді. Жылдан-жылға ауданның білім беру ұйымдарына бөлінетін қаржы көлемі ұлғаюда. Егер осыдан бес жыл бұрын білім беру саласына 1 млрд.115 млн. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы бұл сома 1 млрд. 626 млн. теңгені құрады.

Қазіргі таңда ауданда жалпы білім беретін 24 мектеп жұмыс істейді. 2325 оқушыға сапалы білім беріп отырған мектептердің 83,3 пайызы шағын жинақталған оқу орындары.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес білім беру мекемелерін оңтайландыру бағытында жасалып жатқан шаралар аз емес. Алдымен, оған “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылған білім ордаларын айтуға болады. Аталған бағдарлама аясында 2007 жылы республикалық бюджет есебінен Полтавка ауылында 180 орындық мектеп салынған болатын.

Жыл сайын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жанданып, өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр. Өткен жылы Тоқшын мектеп-гимназиясын және №3 Смирново орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін 40 млн. 218 мың теңге бөлінді. Ал үстіміздегі жылы №1 Смирново орта мектебінде, “Чебурашка” бөбекжай-балабақшасында, Черкасс орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 59 млн. 051 мың теңге қаржы бағытталды.

Сонымен қатар, ауданда химия, биология, физика, лингафонды мультимедиалық кабинеттері бар мектептердің үлесі артып келеді. Мәселен, өткен оқу жылында екі орта мектеп жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталды. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбие берумен толығымен қамтылған.

Еліміздің “Білім туралы” Заңында “Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды” делінген. Осы бағытта жүйелі және жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Оқушыларымызға сапалы білім беріп отырған мұғалімдердің 83 пайызы жоғары білімді болса, 48,7 пайызы жоғары және бірінші санаттағы педагогтер. Соңғы жылдары жоғары және бірінші санаттағы педагогтердің қатары көбейгенін атап өткен жөн. Аға буынның ізін басатын жас мамандарты тарту жұмысы жүйелі жүргізілуде. Өткен оқу жылында ұстаздар қатарына 23 жас маман қосылып, олардың 10-ы көтермеақы алды. Ал қалғандары жеңілдетілген несие арқылы баспанаға қол жеткізді.

Бүгінгі таңда білім беру саласы менеджментін жетілдіру – басты мақсаттардың бірі. Білімді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін құруды көздейтін менеджменттің қыр-сырын үйрету үшін “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында курстар өткізілуде. Аудандағы білім беру ұйымдарының 9 басшысы аталмыш курста біліктіліктерін жетілдірді.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға назар аударып, көмек беруді күшейту қажет. Олар үшін Қазақстан – еш кедергісіз аймақ болуы керек. Ортамызда бар осындай адамдар жағдайын ойластыру – қоғамның алдындағы міндет”, – деген болатын. Осы орайда ауданда инклюзивтік білім беру үшін барлық жағдай жасалуда. Егер 2013 жылы инклюзивтік білім беруге мектептердің тек 13 пайызы дайын болса, былтыр олардың үлесі 36 пайызға жетті. Өткен жылы ауданымызда мүмкіндігі шектеулі 137 бала болса, оның 49-ы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мүмкіндігі мол 11 жалпы білім беретін мектептерде арнайы біліммен қамтылды.

Бүгінгі таңда елімізде жаңа әлеуметтік саясатқа байланысты жастарды жұмысшы кәсіптеріне тарту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Аққайың ауданында жастарды техникалық және кәсіби біліммен қамту 2011 жылы 20 пайыз болса, өткен 3 жылда аудан мектептерін бітірген 330 түлектің 61-і жоғары оқу орындарын, 63 бала колледжді таңдаған. “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында Елбасы: “Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім” жобасы бастау алады. Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды” деген сөзі жастардың көзқарасын өзгертіп, дұрыс таңдау жасауларына түрткі болар деген ойдамыз.

Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Білімсіз оқушыдан жақсы маман шықпайтыны тағы белгілі. Мемлекет тарапынан қолға алынған реформалар, жасалып жатқан түрлі шаралар, жаңашыл бастамалар өз жемісін беріп, бүгінде қазақстандық оқушылар өркениетті елдердегі қатарластарымен білім жарыстыра алатын деңгейге көтерілді. Ендігі мақсат – білім жарысында көш бастау.

Еділ ЖӘКЕНОВ,

Аққайың аудандық білім бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp