Тұтынушылар арасында айран мен сүтке деген сұраныс ешқашан төмендемейді десем, артық айтқандық емес. Ғасырлар бойы халықтың шөлін басып, ауруға – ем, сауға қуат болған сүттің сан алуан түрі бар. Алайда, тұтынушыларға сөрелерде қаз-қатар тізілген өнімнің ішінен сапалысын таңдау оңай емес.
Бірнеше жыл бұрын “құрамында сүті бар өнім” деген ұғым пайда болды. Қазіргі уақытта бұл терминге бойымыз үйренгенімен, тұтынушылар оның сүттен айырмашылығы қандай екенін біле бермейді. Ең алдымен, дүкен сөресіндегі өнімнің құны, оның жарамдылық мерзімі және органолептикалық көрсеткіштеріне назар аудару керек. Себебі, кәсібін дөңгелеткен кейбір тұлғалар сүттің құрамына түрлі қоспа қосу арқылы пайдаға кенелуде. Өнімнің сапасына жауапсыз қарайтын кәсіпкер үшін табыс бірінші орында. Мәселен, Кеден одағының “Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы” техникалық талабына сәйкес дайындалған өнімдер “құрамында сүт өнімдері бар” тауарлардың тізіміне жатқызылады. Тұтынушылардың бәрі бірдей тауарға сүт майын алмастырғыштың қосылғанын, құрамында сүт өнімдері бар-жоғын ажырата алмайды.
Тауарлар сапасын тексеру кезінде бірқатар кемшіліктер анықталып жүр. Атап айтқанда, таңбалауда жазылған ақпарат өнімнің сапасына сәйкес келе бермейді. Сондықтан қазір бақылау күшейтілуде. Өнімнің бекітілген стандартқа сәйкес өндірілуі және шетелдік тауар қатаң бақыланады. Алайда, тұрғындарды алдау фактілері азаяр емес. Өкінішке қарай, заңнамаға сәйкес тауардағы ақпаратты бұрмалағандар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ, елімізде өңдеуші субъектілерді шикізатпен толық қамтамасыз ететін шаруашылықтар санының жеткіліксіз болуы саланың дамуына да кедергі келтіруде.
Тұтынушылар дүкендерден сатып алып жатқан өнімнің жарамдылық мерзіміне және құрамына назар аударғаны жөн. Мәселен, 19 өнім түрінен тұратын ассортимент бар делік. “Май” деген жазу бар. Ал тексерсең, бұл майдың 50 пайызын спред құрайды. Ал спред – мүлдем басқа өнім. Оның құрамы өз кезегінде өсімдік майымен алмастырылған. Ірімшіктің сыртындағы жазуды оқысаңыз, “ірімшік өнімі” деген жазуды көруге болады. Сүзбе мен сүзбе өнімі де екі түрлі тағам. Онда сүт майы өсімдік майымен алмастырылған. Ал бұл өнімнің бағасына әсер етеді. Сондықтан сапалы өнімді таңдай білген жөн.
Екатерина ПАРШИНА,
Техникалық реттеу және метрология комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы.