Жер сауырын емген диқандар үшін жылдың төрт мезгілі де қауырт жұмысқа толы. Қыс бойы шаруалар техникасын танап басындағы жұмысқа дайындап, тұқым мен тыңайтқышын алдағы ауқымды науқанға әзірлейді. Күздегі өнімнің мол болуы қысқы дайындыққа, көктемгі дала жұмыстарының дұрыс өтуіне және тұқымның сапасына байланысты.
Алдағы егіс науқанына қам жасап, саладағы соңғы жетістіктерді ортаға салу үшін облыста халықаралық «Тұқым-2025. Қызылжар» көрме-конференциясы өтті. Шараға жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, отандық және шетелдік селекционерлер мен сарапшылар қатысты.
Ең алдымен жиналғандар Оқушылар сарайында ұйымдастырылған көрмені аралады. Көрмеге өсімдік шаруашылығына қажетті техника, тұқым, тыңайтқыш өндіруші, сатушы компания өкілдері қатысып, жергілікті шаруалардың сұрақтарына жауап берді.
Конференцияның пленарлық отырысына қатысқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл шаруашылығы саласының облыс экономикасындағы маңызды орнына тоқталып, диқандардың жұмысына табыс тіледі.
– Сапалы тұқым – саланың тұрақтылығы мен сапасының кепілі. Бұл бағытта бизнес, диқандар мен ғалымдардың бірлескен жұмысын жетілдіру керек. Соңғы жылдары өңірдің ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді, – деді өңір басшысы.
Ғауез Торсанұлы облыста егіс алқаптарын әртараптандыру жалғаса беретінін айтты. Егіс даласындағы майлы дақылдардың үлесі біртіндеп артып келеді. Мал шаруашылығының дамуы жем- азықтық дақылдарға мән беру керектігін көрсетіп отыр. Қызылжарлық диқандар 4,3 млн. гектар алқапқа тұқым себеді. Алдағы дала жұмыстарына 470 мың тонна тұқым дайындалған. Қызылжар даласына себілетін тұқымның ішінде отандық сұрыптардың үлесі – 36 пайыз. Қалған тұқымның 54 пайызы ресейлік ғалымдар ойлап тапқан сұрыптар болса, 9 пайызы еуропалық селекцияның жетістігі. Өңірде аттестатталған 40 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Оның ішінде 25 шаруашылық пен 15 жеткізуші бар. Былтыр тұқым шаруашылықтары 100 мың тонна тұқым өндірген. Өңір селекционерлерінің шетелдік мамандармен бірлескен еңбегінің арқасында алқаптарда жаңа «Семеновна» сұрыбы пайда болды.
– Ел бойынша дала жұмыстарын жүргізуге 2 млн. тоннаға жуық тұқым қажет. Бүгінде дәнді дақылдар бойынша отандық өндірістің үлесі артуда. Ал жем- азықтық дақылдар бойынша отандық селекция артта қалып отыр. Бүгінде әлемдік ірі селекция өкілдерінің түгел дерлігі Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Майлы дақылдардың тұқымдары Ресей, Франция, Германия, Украина, Америка, Швецариядан әкелінуде. Аталған селекциялық орталықтардың өкілдері бүгінгі көрмеге қатысып отыр. 2016 жылдан бері елге тұқым әкелуге еркіндік беріліп, шектеулер алынды. Алайда егіс материалын сатып алу мен алқапқа себудің тәртібі болу керек деп санаймын, – дейді ауыл шаруашылығы дақылдарын сұрыптық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Талғат Ажғалиев.
Конференцияда сөз алғандар Қызылжар климатына бейімделген сұрыптар, селекцияның соңғы жетістіктері, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, майлы дақылдарды өсіру, өңдеу және нарыққа шығару тақырыптарында баяндама жасап, диқандарға кеңес берді. Жергілікті шаруалар соңғы бірнеше жылда пайда болған жаңа сұрыптармен танысып, Солтүстік Қазақстан облысы аумағында өсіруге қолайлы дәнді, майлы, бұршақты дақылдардың түрлері туралы білімдерін кеңейтті. Өсімдік шаруашылығы саласындағы өзге өңірлер мен шетелдік компаниялардың тәжірибесі сөз болып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы талқыланды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.