
1998 жылы Аққайың ауданының Ленин ауылында бой көтерген сүт өнімдерін шығаратын “Ростан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде тұтынушылардың алғысына бөленген. Серіктестік директоры Владимир Ростовщиковтың айтуынша, цехтарды жаңарту нәтижесінде кәсіпорын тәуліктік қуаттылықты бес тоннаға дейін жеткізіп, 30 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан тауарлары барлық талаптарға сай. “Қазақстанда жасалған” деген сөз нағыз сапаның белгісіне айналуы тиіс. Яғни, “Қазақстанда жасалған” деген тіркес – “Солтүстік Қазақстан облысында жасалған”, “Петропавлда жасалған” деген сөздердің жиынтығы болса керек. Сондықтан “нағыз сапаның, мықты өндірістің белгісі” берік болуы үшін әр кәсіпкер, әр өндіріс орны жауапты болуға тиіс. Біз бар күшімізді осы бағытқа жұмсау үстіндеміз, – дейді Владимир Михайлович.
Серіктестік өнімдері облыста танымал десек, артық айтқандық болмас. Өңір тұрғындарын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі арттырмақ ниетте.
Елбасы Жолдауларында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылғаны мәлім. Серіктестіктің де түпкі мақсаты – бәсекелестік қарымын күшейте отырып, сыртқы нарыққа шығу. Басқа салалармен салыстырғанда, тамақ өнеркәсібінде сүт өңдеумен айналысу оңай шаруа емес. Үзіліссіз жұмысты қамтамасыз ету үшін біріншіден, шикізат қоры жеткілікті болуы керек. Сүт аудандардан, елді мекендерден жиналатындықтан, басы артық шығындарға баруға тура келеді екен. Жеткізілген өнімнің құнарлылығы талапқа сәйкес болуына көп мән беріледі. Екіншіден, табиғи сүт тез бүлінетіндіктен, алыс ауылдардан жеткізу үшін арнайы тоңазытқыш агрегаттары бар автокөліктер жеткілікті болуы шарт. Машақатының көптігіне қарамастан, озық технологияларды кеңінен енгізудің арқасында бүгінде сүт өнімдерінің 30-ға жуық түрі шығарылады.
Басшының айтуынша, қолға алған істі уақыт талабына сай жаңаша ұйымдастырып, өнімнің сапалық көрсеткіштерін арттырып, оның түрлерін көбейту жолында біраз жұмыстың басы қайырылған. 1999-2002 жылдары зауытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін кәсіпорынның “Ростан” маркалы сарымайы, қатты ірімшігі мен басқа да түрлі сүт өнімдері саудаға шығарыла бастаған. Сондай-ақ, құрал-жабдықтар жаңартылып, жоғары сапалы өнім шығаратын санитарлық-техникалық жағдай жасалды. Сүт өнімдерінің сапасын жақсарту, жұмысшылардың біліктілігін арттыру бойынша да үлкен жұмыс жүргізілді.
Өз ақшасына және банктерден несиеге алған қаражатқа 2004 жылы бір ауысымда 700 килограмм қатты ірімшік шығаратын заманауи құрал-жабдықтар кешені сатып алынған. 2011-2015 жылдары жаңа сепараторлар мен бу қазандықтары орнатылды. Кейін адам денсаулығына зиянды хладагент-аммиакпен жұмыс істейтін компрессорлық цехтың орнына фреондық агрегаттар орнатылды. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әрқайсысы 100 тонналық төрт автономдық контейнер-мұздатқыштар сатып алынды. Зауыттың зертханасы да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ал өткен жылы жаңа цех іске қосылып, қосалқы құрал-жабдықтар жаңартылған.
Кәсіпорын мамандары өз өнімдеріне жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе, майлылығы әртүрлі айран, спредтің бірнеше түрі, қатты ірімшік, пастерленген “Аққайың” жұмсақ ірімшігі, сүзбе, сарымай, майлылығы аз қатты ірімшік және тағы басқа сүт өнімдері өтімді болғандықтан, дүкен сөрелерінде ұзақ жатпайды.
Цехтағы тәжірибелі мамандар өз істеріне әбден машықтанып алған. Біз кәсіпорынның технологы Светлана Ахмагалеевамен әңгімелесу барысында біраз жайға қанық болдық. Өз ісінің білгірі өндіріс барысымен таныстырып өтті.
– Цехтарымызды аралау барысында шетелдерден жеткізілген құрал-жабдықтардың көмегімен жұмыс жүргізілетіндігін, өнімдерінің дастарқанға қойылғанға дейінгі “күйін” көрдіңіздер. Өндірістік цехтар жаңғыртылғалы өнімдердің сапасымен қоса сақталу мерзімі де ұзарды. Барлық өнімдеріміз, оның ішінде адам ағзасына пайдалы спредтердің тұтынушылық қасиеті отандық заманауи баламалардан кем емес. Себебі, біз консерванттар мен ароматизаторларды қоспаймыз, тек табиғи сиыр сүтін қолданамыз, – дейді Светлана Георгиевна.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның өнімдері еліміздің өзге қалаларында да саудаланады. Сапа көрсеткіші мен сақтау мерзімін ұлғайтудың нәтижесінде экспорттау бағытында да тың қадамдар жасалуда. Ресейдің Владивосток, Түмен және Первоуральск қалаларына жеткізіледі. Түмен қаласынан түскен сұраныстың көптігі ескеріліп, өткен жылы өзінің ғана емес, өзге де қазақстандық кәсіпорындардың өнімін саудалайтын фирмалық дүкен ашқан.
Серіктестіктің өнімдері республикалық байқауларда жоғары бағаға ие болған. Атап айтқанда, 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” мен “Парыз” сыйлығының, “Қазақстанның үздік тауары” көрме-конкурсының лауреаты атанған. “2014 жылдың сала үздігі” медалімен марапатталған да осы кәсіпорын.
Технолог серіктестіктегі жоғары білікті мамандардың өнім түрлерін көбейтіп, озық үлгідегі жаңа технологияларды игеруде аянбай еңбек етіп жатқанын мақтанышпен жеткізді.
– Біз үшін, ең бастысы – сапа. Сондықтан өнімдеріміздің сапасын одан әрі жақсарту үшін зауыт цехтарындағы құрал-жабдықтарды үнемі жетілдіріп, жаңартып отырамыз. Мәселен, кәсіпорынның май мен қатты ірімшік өндірісін жаңғырту жобасы облыстық Индустрияландыру картасына енгізілді. Бұл болашақта өнім сапасын арттырып, өндіріс аясын кеңейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз, – дейді Светлана Георгиевна.
Бүгінде әлемде орын алған экономикалық дағдарысқа қарамастан, зауыт алға қарай дамып, болашақта қосымша жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Владимир Ростовщиков үстіміздегі жылы сүт, айран, қаймақ өндіретін модульді шағын зауыт ашпақ ойы бар екенін де жасырмады. Білімді де білікті, кәсіби шыңдалған мамандарға сенім артатын серіктестік шығаратын өнімдер санын арттырып, ауыл тұрғындарын қосымша жұмыспен қамтымақ.
Бүгінгі нарық заманында серіктестіктің бәсекеге қабілетті болып қана қоймай, үздік өнім өндірушілер қатарынан орын алуы – сапаны алдыңғы орынға қойған басшының білгірлігі мен ұйымшыл ұжым еңбегінің жемісі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.