Үкімет 2017 жылы “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын бекітіп, негізгі бағыттарды белгілеп берді. Олардың ішінде мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге айрықша басымдық берілген. Алда интернет қолданушылардың санын, цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін көтеру міндеті тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында “Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек. Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Қазақстан технологиялық серіктестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаhандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс”, – деп ерекше назар аударды.
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы жеделдетілген технологиялық жаңғыртулардың қуатты күшіне, басты факторына айналғанын, мемлекеттік секторға да дендеп еніп, құжаттарды электронды түрде рәсімдеу, жетілдіріле түскенін облыс өмірінен де анық байқауға болады. 7 ашық әкімдік, блог-тұғырнама, халықтық бақылау қызметінің жолға қойылуы – соның бір айғағы. “Kyzyljar – adaldyg alany”, “Есіл” өңірлік даму орталығының негізінде цифрландыру жөніндегі жобалық-кеңселер іске қосылды. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. “Электронды үкімет” порталы бойынша 400-ден астам қызмет түрін электронды нұсқада алуға болады. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сүру сапасын көтерумен бірге сандық технологияларды енгізу бағытында жасалған игі қадамдар екені сөзсіз.
2017 жылы қолға алынып, жұртшылыққа қызмет көрсетіп келе жатқан “Ашық әкімдік” қанатқақты жобасы жергілікті басқару саласына қандай жаңа леп, тың өзгеріс әкелді? Осы төңіректе әңгіме қозғасақ. Үш жыл аз мерзім емес. Былай қарасаң жақсы бастаманың есеп беру кезеңі іспеттес. Жаhандану үрдісімен ілесе келген озық технологияның уақыт сынына төтеп беруі заман талабы екені даусыз. Ең бастысы, билік пен адамдар арасында өзара ақпарат алмасудың, қызмет түрлерін көрсетудің тиімді байланыс құралы бола алды.
Қала әкімінің аппарат жетекшісі Ғалия Төренова әкімдіктің бірінші қабатында орналасқан “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесінің артықшылықтарын жіпке тізгендей санамалап берді. Біріншіден, жұртшылық жиі жүгінетін елуден астам мемлекеттік қызмет түрін қамтитын жоба ашықтық қағидатына негізделген. Демек, қызмет көрсету барысында “бармақ басты, көз қыстылық” тәуекелдеріне жол берілмейді деген сөз. Екіншіден, халыққа кедергісіз қызмет көрсетіледі. Үшіншіден, электронды кезек жүйесі қызмет сапасына айтарлықтай әсер еткен. Төртіншіден, кеңседе барлық жағдай жасалғандықтан, өтініш-тілегін арқалай келген адам өзін жайлы, ыңғайлы сезінетіні анық. “Ашық әкімдік” жобасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында көрсетілген транспарентті және есеп беретін мемлекет құру талабын іске асыру мақсатымен мемлекеттік қызмет түрлерін ұтымды ұйымдастыруға арналған тиімді алаң ретінде енгізіліп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаментімен бірлесіп, жүзеге асырылуда.
Мұнда әкімдіктің білім беру, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі бөлімдері өз қызметтерін ұсынады. Әкімнің көмекшісі Жанболат Батырбековтің айтуынша, көрсетілген қызметтердің жартысына жуығы тұрғын үйге қатысты болған. Күніне орташа есеппен 180-200 өтініш тіркеледі.
Біз тілдескен Райхан есімді қала тұрғыны мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету орнына жүгініп, шаруасы жедел шешілгеніне қуанулы екен.
– Арнайы электронды табло орнатылған залда кезегімді алдын ала біліп, еш алаңсыз отырдым. Бұрындары анықтама қағазы үшін әр мекемеге жүгіріп, әуре-сарсаңға түсуші едік. “Бір терезе” қағидаты біз сияқты жүріп-тұруы қиын адамдар үшін өте қолайлы. Бәрінен бұрын уақыт үнемдейміз. Жүйкеге де артық салмақ түспейді, – дейді ол.
Өтініштердің аяқсыз қалмауы қалалық әкімдік басшылары тарапынан қатаң қадағаланады. Осылайша, жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы сенімнің нығаюына мүмкіндік туғанына да көз жеткіздік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.