«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАНЫ ЖАҚСАРТУ — МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларының тиімділігін талқылап, тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайту мақсатында құрылған мониторинг тобының кезекті отырысы өтіп, үш мәселе қаралды.

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру бойынша облысымыздағы шаралар жоспарының орындалуы және өңірімізде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-шаралар жайлы облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің маманы Темірлан Мамашәріпов баяндады.

– Бүгінде облыстық әкімдік көрсететін 190 мемлекеттік қызметтің 83-і автоматтандырылған. Бұл көрсеткіштің соңғы үш жылда 1,8 есе артқанын байқауға болады. Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдар қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіру мақсатында автоматтандыру мен мемлекеттік қызметтің бизнес-рәсімдерін оңтайландырудың бірыңғай жол картасын ойластыруда. 2017 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесіне сәйкес, облысымыз ел бойынша бірінші орында тұр, – деді Темірлан Серікұлы.

Ал Тимирязев, Шал ақын аудандары әкімі аппаратының басшылары Ринат Сыздықов пен Қуантай Сәрсенбаев мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға қатысты атқарылған жұмыстарымен таныстырды. Тимирязев ауданында мемлекеттік қызметтің 103 түрі көрсетіледі. Былтыр 13315 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 3158-і – мемлекеттік органдар, 1552-сі мемлекеттік корпорация арқылы, 431 қызмет электронды түрде көрсетілген, баламалы қызметтер саны – 8174. Мемлекеттік қызметтер түріне жүргізілген мониторинг нәтижесінде ауданда ең көп сұранысқа ие қызметтер білім беру және ауыл шаруашылығы саласына тиесілі екені анықталған. Ал Қуантай Сәрсенбаевтың айтуынша, өткен жылы Шал ақын ауданында 18799 мемлекеттік қызмет көрсетілген. “Аудан әкімінің аппараты былтыр жергілікті атқарушы органдардың жұмысына 12 бақылау шарасын жүргізіп, 80 ереже бұзушылықты анықтады. Фактілер, негізінен, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде стандартта бекітілген құжаттардың толық болмауына немесе керісінше, міндетті емес құжаттарды талап етуге, қызмет көрсету мерзімін сақтамауға қатысты болды. Шара қорытындысы бойынша жеті орган тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – деді Қуантай Сәрсенбаев.

Шара соңында арнайы мониторинг тобының мүшелері 2018 жылдың бірінші тоқсанына арналған жұмыс жоспарымен таныстырылды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp