Осыдан бір жарым ай бұрын Есіл ауданы Заградовка ауылына апаратын автокөлік жолын жөндеу жұмысы аяқталғанымен, оның сапасы сын көтермейді.
Заградовка ауылына кіреберіс жол 340 млн. теңгеге жөнделіп, өткен жылдың қараша айының соңында пайдалануға берілді. Жөнделген жолдың сапасына мониторинг жүргізген партиялық бақылау комиссиясы мен жергілікті депутаттар мердігердің жұмысты жүрдім-бардым орындағанын ашық айтты. Әсіресе, жолдың ені, асфальт-бетон жамылғысының сапасы күмән туғызды. Тіпті, жұмысты қабылдау актісінде көрсетілген жол белгілерінің іс жүзінде орнатылмағаны да анықталды.
Өткен жылдың қазан айында автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына техникалық бақылау жасайтын “Кредо СК” ЖШС-нің өкілі де осы олқылықтарды анықтаған болатын. Компания мамандары барлық кемшіліктерді актіде көрсетіп, жұмысты тоқтата тұру туралы қорытынды шығарды. Алайда, жол белгілері қойылмаған ойдым-ойдым жол пайдалануға берілген.
Көптің талқысына түскен түйінді мәселені өз бақылауына алған Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман өңіріміздегі жұмыс сапары кезінде даулы жолдың қазіргі жағдайымен танысты.
– Шынында да, жол белгілері орнатылмаған, жөндеудің сапасыз орындалғаны сараптамасызақ көзге көрініп тұр. Бұл мәселені көтеріп, жанжақты талқылау мақсатында уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолдаймын, – деді мәжілісмен.
Бұл жолды жөндеген “Kaz Fortis” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері үстіміздегі жылдың көктемінде кепілдік міндеттемелеріне сәйкес барлық кемшіліктерді жоюға тиіс. Жұмыстардың сапалы және уақтылы жүргізілуін “Nur Otan” партиясы Есіл аудандық филиалының бақылау комиссиясының мүшелері, жергілікті мәслихат депутаттары және арнайы мониторингтік топ мүшелері қадағалайтын болады.
Ілияс СӘБДЕНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.
Сурет //khabar.kz сайтынан алынды.