“Еңбек” бағдарламасы аясында жұмыс күші көп аймақ саналатын оңтүстік өңірлерден теріскейге бет түзеушілердің саны соңғы жылдары еселене түскені байқалады. Мемлекеттің көмегімен солтүстік өңірлерге қоныс теуіп, жаңаша өмір бастап жатқандар қаншама?! Елге ел қосылса – құт. Араларында тұрған жерге бір кірпіш болып қаланып, бір шыбық болып егілуді ниет еткен жандар жоқ емес. Облыс орталығына жақын орналасқан Мамлют ауданына келген қандастар да түрлі кәсіппен шұғылданып, жергілікті тұрғындармен ауылы аралас, қойы қоралас тұрып жатыр.
Өкінішке қарай, қоныс аударушыларға арналып салынған үйлердің сапасыздығы көңілге қаяу түсіріп тұр. Шымкенттен таяуда көшіп келген Әлия Орманова бес баласын теріскейде жетілдіріп, осы өңірде тұрақтап қалуды қалайды. Алайда жұмыс табылмаған соң елорда жақта еңбек етіп жүр.
– Көшіп келгенімізге үш ай болды. Екі қолға бір күрек табылмаған соң Нұр-Сұлтан қаласына барып, аспаз болып жұмысқа орналастым. Жер шалғай. Бала-шағаның қамы үшін солай істемеске амал жоқ. Үйде үлкен балам мен келінім қалды. Бастапқыда екі сиыр алуға бел шешіп, грантқа құжат тапсырдық. Бірақ жұмыспен қамту орталығындағы мамандар ол үшін қора мен мал азығының болуын алға тартты, – деген көпбалалы ана берілген баспананың сапасыз салынғанына налиды. – Үй сапасыз салынған. Қақаған қыста мұндай үйде қыстап шығу мүмкін емес. Төбесі мен еденінен суық соғып тұр. Терезенің шынылары сынық. Электр пешін қосуға тура келеді. Отын жоқ. Көмірді қарызға алдық. Немерем сырқаттанған соң жұмыстан сұранып келіп отырмын. Сыртқы есік те сапасыз.
Фарид Абдусаламұлы да үш ай бұрын Шымкент қаласынан көшіп келіпті. Ол да баспананың суық екенін айтып отыр.
– Жергілікті әкімдік тарапынан еш қайыр болмағасын, үйді өзім жөндейін деп шештім. Қажетті материалдарды өзім сатып алдым. Қыс болса келіп қалды, тездетіп бітіріп алу керек. Еден ылғалданып, төсеніштер дымқылдана бастады. Мектеп жасына толмаған төрт балам бар. Жұбайым – іргедегі Воскресеновка ауылындағы емханада мейірбике. Балаларым ауырып қалмаса екен деп алаңдап отырмын, – дейді Мамлют ауданының жаңа тұрғыны.
Тұрғындардың назын тыңдаған соң Мамлют аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Бибігүл Нұрманқызына жолығып, мән-жайды сұрадық. Оның айтуынша, көшіп келушілер мемлекеттік грант алу үшін алдымен бизнес жоспар жасауы керек екен. Өтінішті комиссия қарап, шешім шығарады. Мәселен, мал алатын болсаңыз, алдымен, қора, жем-шөбін дайындап алу шарт. Гранттың ақшасы қолға тигеннен кейін малды қай жерден, қалай сатып алу керектігін ойластырасыз. Көмек қаражат тек мал сатып алуға арналған, демек қора салуға немесе жем-шөп алуға берілмейді.
– Көшіп келгендердің көбінің арнайы мамандығы жоқ немесе дипломы болғанымен, еңбек өтілі аз. Сол үшін қарым-қабілеттеріне қарай көмек беруге тырысамыз. Ал тәжірибелі мамандар бос орын болған жағдайда өзі қалаған жұмысына кіреді. Ауылға келіп қоныстанғандардың көбі мал бағып, егін шаруашылығымен айналысқысы келеді. Мәселен, Бостандық ауылында Қуаныш деген жігіт мың құс ұстайды. Покровка ауылындағы Бақабиден Өмірзақ та құс шаруашылығымен айналысады. Қос білегіне сүйеніп, тірлік етем дегендерге үкіметтің берер көмегі мол. Бастапқыда қиындықтар болады, соған шыдау керек. Жергілікті әкімдік осыдан екі жыл бұрын салынған үйлерге қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Үйге қатысты шағымға аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауап береді. Біз тек көшіп келушілерді өзі таңдаған баспанаға жайғастырамыз. Одан сырт квота тағайындап, оқуға түсуге, жұмысқа орналасуына қолғабыс береміз, – дейді Бибігүл Нұрманқызы.
Мамлют ауданына қоныс аударушылар саны жылдан-жылға артуда. Өйткені облыс орталығына қатынау қолайлы әрі жақын. Жері де құнарлы. Мал бағып, егін егуге қолайлы. Сол себепті шығар 2019 жылы 36 отбасы (112 адам) қоныс аударыпты. 2020 жылы 41 шаңырақ (139 адам) көшіп келген. Ал биыл 44 отбасын (155 адам) қабылдау жоспарланған болатын. Қазірге дейін 38-і (155 адам) көшіп келіп, тиісті көмектерін алған. Жыл аяғына дейін келуге бекінген 58 адамның өтініші қаралуда.
Ауданда “Еңбек” бағдарламасымен 2019 жылы – 32, 2020 жылы 47 үй салыныпты. Енді келетіндер аудан орталығы аумағындағы 5 үй мен Новомихайловка және Токарёвкадағы 13 баспанаға жайғастырылады. Ал биыл салынған үйлерді жергілікті әкімдік әлі қабылдап алмапты.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.