
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тұрғындарды инфекциялық және өзге де аурулардан қорғауға бағытталған міндеттерінің бірі – саудаланып жатқан өнімдердің қауіпсіздігін бақылау. Мұндай шаралар Еуразиялық экономикалық одақ пен еліміздің техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.
Былтыр жыл бойы Петропавл қаласы мен аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының мамандары азық-түлік түрлері, балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдер, оның ішінде ойыншықтар мен парфюмерлік-косметикалық заттарды және өзге де халық тұтынатын тауарлардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Денсаулық жағдайына әсер ету деңгейін анықтау үшін 300-ге жуық сауда-саттық және көпшілік тамақтанатын орындардан бес жарым мыңға жуық азық-түлік өнімі мен өндірістік тауарлардың сынамалары алынып, тексерілді. Нәтижесінде 664 өнімнің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.
Мәселен, тексерілген балық пен балық өнімдерінің жартысынан астамы қауіпсіздік сынағынан өте алмады. Көбінде таңбалау шарттары бұзылған. Сол сияқты ет және ет өнімдерінің 587 үлгісінің 141-і қойылатын талаптарға сәйкес келмеді. Он сынаманың құрамындағы натрий нитратының мөлшері нормадан көп екені анықталды. Құрамында шошқа еті жоқ деп көрсетілген 35 өнімнен осы жануардың ДНҚ-сы табылды. Өнімдерін сатуды бірінші орынға қоятын өндірушілердің мұндай әрекеттерге баруы азаймай отыр.
Құс етін өндірушілер де тұтынушыларды алдауға жиі барады. Оның үстіне мамандар құс еттерінен бір жыл ішінде 40 рет сальмоннелла сияқты қауіпті бактерияларды анықтағанын да айта кеткен жөн.
Сүт пен сүт өнімдерінің 693 сынамасының отыздан астамы талаптарға сәйкес келмеді. 17 өндіріс орны таңбалау талаптарын бұзса, 16 май сынамасының майлы-қышқылдық құрамы дұрыс көрсетілмеген. Олар құрамы сыртында жазылғандай сары майдан емес, өсімдік майынан тұрады.
Балаларға арналған тауарларды тексеру қорытындысы да көңіл көншітерліктей емес – 368 үлгінің 227-нің ғана қауіпсіз екендігі дәлелделді. Сапасыз өнімдердің ішінде ойыншықтардың үлесі басым. Бала денсаулығына зиянды деп танылған ойыншық үлгілерінің барлығы да Қытайда шығарылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары тауарлардың 24 тобы бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізді. Салыстырмалы талдау өңіріміздегі сауда-саттық айналымында жүрген сапасыз өнімдердің 92,2 пайызы – импорттық, ал 7, 8 пайызы отандық тауарлардың үлесінде екенін көрсетіп отыр. Талапқа сай келмейтін өнімдердің 55,7 пайызы – Ресей Федерациясынан, 12,5 пайызы – Қытайдан, 6,7 пайызы – Түркиядан, 4,8 пайызы – Франциядан, 2,8 пайызы Польшадан және Қырғызстан, Өзбекстан сынды тағы басқа елдерден жеткізілген. Тауарлардың талапқа сәйкес келмеуі көбінесе таңбалау нормаларының сақталмауынан болып отыр.
Департамент қызметкерлері заңнама талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды анықтаған соң оларды түгелдей сатылымнан алу, жеткізушілерін табу, сәйкес келмеу себептерін нақтылау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын атқарады. Осылайша, жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша өткен жылдың 11 айында жалпы көлемі 8 млн. 225 мың теңге болатын айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 327 хаттама толтырылды. Егер тұтынушылар сәйкесінше таңбаланбаған азық-түлік өнімдеріне, заттарға көбірек мән беріп, сақталу мерзімі өтіп кеткен, өндірушісі белгісіз тауарларды сатып алуын доғарса, сауда кәсіпорындары сөрелеріне қойылатын өнімдер кірісін бақылау мәселесіне аса үлкен жауапкершілікпен қарап, халық тұтынатын тауарлардың өндірушілері мен жеткізушілеріне өз тараптарынан қоятын талаптарын күшейтер еді.
Департамент қызметкерлері жүргізген жұмыстар нәтижесіз емес. Өйткені, өңірімізде сауда кәсіпорындары сататын өнімдерден улану, инфекциялық аурулардың таралу фактісі орын алған жоқ.
Татьяна ГОРЛОВА,
облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары.