«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сапасы жоғары, бағасы арзан

Облыс орталығында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы қала тұрғындарына өз өнімдерін алты аудан ұсынды. Жәрмеңкеге өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты. Қызылжарлықтар керек-жарағын сатып алып жатқан жәрмеңкеге облыс әкімі Айдарбек Сапаров барды. Сатушылармен тілдесіп, сөреде тұрған өнімдердің сапасына назар аударды.

Сауда-саттық Жамбыл көше­сі бойындағы Спорт сарайының ма­ңындағы алаңда ұйымдасты­рылды. Таңертең басталған шара түстен кейін де жалғасты. Бұл жолы тұрғындарды Ақжар, Ғабит Мүсі­репов атындағы, Тимирязев, Есіл, Жамбыл және Мамлют аудан­дарының кәсіпорындары қуантты. Жәрмеңкеде ет және сүт, бал және ара шаруашылығы өнім­дері нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан сатылды.

Жәрмеңкеге 50 тонна азық-түлік, оның ішінде ет өнімдері – 18 тонна, сүт және сүт өнімдері – 4 тонна, ұн және жарма – 10,5 тонна, картоп және көкөністер – 11 тонна, бал және ара шаруашылығы өнім­дері – 2,1 тонна, шұжық өнімдері – 1,8 тонна, тауық жұмыртқасы 6000 дана әкелінді. Мәселен Ғабит Мү­сірепов атындағы аудан кәсіп-кер­­лері ет-сүт өнімдерін өткізу үшін келген. Олар жәрмеңкеде 200 литр сүт, 60 литр қаймақ, 100 келі сары­май, 80 келі сүзбе мен мың жұмыртқа және бір тонна ұн саудалады.

– Қала тұрғындары үшін біз ет өнімдерін де әкелдік. Сиыр етінің орта­ша бағасы – 2100 теңге. Қой етінің бағасы – 2200, жылқы еті – 2700 теңге. Мүшелеріне байланыс­ты баға­лар өзгереді. Жалпы біз ет-сүт өнімдерін, бал, яғни Ғабит Мүсі­репов атындағы ауданда өндірі­летін өнімдердің барлығын әкелдік, – деді Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Әділбеков

Сапалы өнімді арзан бағаға алып, көтеріңкі көңіл күймен үйле­ріне қайтып бара жатқандардың жәрмеңкені ұйымдас­тырғандарға алғысы шексіз. “Тауар­лар арзан. Еттен саңырауқұлаққа дейін сатып алуға болады. Еттің сапасы өте жақсы. Мен жылқы, сиыр етін және сүт алдым. Жеміс-жидектің де түр-түрі бар екен. Осындай жәрмең­келердің ұйымдастырылғаны дұ­рыс. Халыққа тиімді. Әйтпесе, дү­кендерде баға тым қымбат, тапқанымыз қапқа­нымызға жетпей қалады”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Әлкен Сейітжанов.

Жәрмеңке тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті об­лыстық департаменті ұсынған сани­тарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.

– Мұндай жәрмеңкелер әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнім­дерінің бағасын тұрақтандыру мақ­сатында қаламыздың үш база­рында апта сайын өткізіліп тұрады. Жәрмеңкеге белгіленген алты ауданнан бөлек, қаланың кәсіпкер­лері де қатысты. Осы жәрмеңкеде негізінен ет, сүт, бал, балық өнімдері көбірек саудаланды. Өнімдер­дің ба­ғасы нарықтағыдан анағұрлым арзан, – деді облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.

Сонымен қатар жәрмеңкеге келушілерге облыстың өнер ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp