Қызмет көрсетудің сапасын арттыруда қоғамдық мониторинг жүргізіп, тұтынушылардың көңіл-күйін біліп отырудың маңызы зор. Осыған орай облыстың бір ауданының 150 тұрғыны мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау, өзекті мәселелерді анықтау және бизнес-процесті жетілдіруге ұсыным әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған әлеуметтік зерттеу сауалнамасына қатысты. Олар мемлекеттік қызметке тиісті өздерінің көзқарастарын білдірді.
Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін пайдаланушылар арасында зерттеу жүргізді. Сауалнамаға қатысушылардың 15 пайызы – мемлекеттік қызметшілер, 2 пайызы – кәсіпкерлер, 68 пайызы бюджеттік ұйым қызметкерлері мен өзге де сала өкілдері болды.
Сауалнамаға қатысқандардың 95,3 пайызы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері талаптарға сәйкес екенін және олар қызмет сапасына қатысты бірде-бір рет шағым жасамағандарын айтты. Қызмет көрсететін мекемелердің жұмыс кестесі респонденттердің 84 пайызының көңілінен шығады. Азаматтардың 65,3 пайызы мемлекеттік қызмет алу рәсімі қолжетімді деп есептейді. Тұрғындардың 74 пайызы қызметкерлердің ізеттілік танытатынын, сондай-ақ, 76,7 пайызы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің бұзылмағанын айтады. 89,4 пайызы мемлекеттік қызмет көрсетуден ешқашан негізсіз бас тарту болмағанын білдірді.
Зерттеу қорытындысы мемлекеттік қызмет көрсетуде барлық қызметкерлер өтініш беру тілінде жауап бере алмағанын анықтады. Азаматтардың 10 пайызы бір қызмет түрін алу үшін бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болған. Сауалнамаға қатысқандардың 90 пайызы мемлекеттік қызмет алуда олардың заңды құқықтары толығымен сақталғанын атап көрсетті.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
департаментінің баспасөз хатшысы.