«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПА — БАСТЫ ӨЛШЕМ

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызмет көрсету сапасына ерекше мән беру, тиімділігін арттыру басты назарда ұсталынғанымен, тұрғындардың жоғары сұранымы өз дәрежесінде өтеле бермейтін жағдайлар кездесіп қалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету талабын қойып, халықпен тиімді кері байланыс орнатуда қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтаждарын жедел шешу негізгі басымдықтар саналатынын атап көрсеткен болатын.

Қазір мемлекетіміздің экономикасы, бизнестің барлық салалары қиын кезеңге тап болғанына қарамастан мемлекеттік қызметтердің сапасын одан әрі жақсарту бірінші кезектегі міндет болып табылады. Жасыратыны жоқ, жергілікті атқарушы органдар тарапынан өздеріне жолданған арыз-шағымдарға құлықсыз қарайтын, уақытын себепсіз созып жіберетін жайттар аз кездеспейді. Өйткені, бюрократтық, қағазбастылық көріністеріне жол бермеу, сапа және қолжетімділік, мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіріп отыру секілді негізгі қағидаттар басшылықа алына бермейді. Осы себепті қызметтердің көрсетілу мерзімін қысқарту, орындалу үрдісін жеңілдету, толық ақпараттандыру, күрделі түйткілдерді шешуде жедел шешім қабылдай білу, қойылып отырған проблеманың қыр-сырына бойлау арыз-шағымдар тасқынын әлдеқайда азайтатынын тәжірибе көрсетіп отыр.
Ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасын жоғарылату мақсатында маңызды бағыттардың бірі электронды форматқа көшу, сондай-ақ, электронды қызметтер мен сервистерді дамыту болып табылады. Қызметтің осы үлгісі қызмет көрсету үрдісінде оңтайландыруға зор мүмкіндік береді. Ең бастысы, міндеттерді орындауды оңайлатады, жұмсалатын уақыт аралығын қысқартады.
Мұндай жаңғырту үдерістерін мемлекетіміз бен азаматтардың мүддесіне орайластырылып жүйелі түрде жүзеге асыру мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің ұстанатын басты қағидасына айналуы тиіс.

Евгений РЕВЯГИН,
индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік
департаменті басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp