«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПА КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесінде бұдан екі жыл бұрын 3-ші орында болған Қызылжар ауданы биыл 12-ші орынға түсіп қалған. Бұл туралы Қызылжар аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесін қоғамдық кеңестің қарауына шығаруға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті мұрындық болды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті 2020 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын электронды форматқа көшіруге тапсырма берген болатын. Осы міндетті орындау мақсатында тұрғындардың электронды қызметті алудағы белсенділігін арттырып, “Электронды үкімет” порталының мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қызылжар ауданында былтыр 700-ден астам порталды пайдалану машықтарын меңгерген.
Департамент әкімдіктердің мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасының негізгі көрсеткіштерін де бағалайды. Бұл рейтингте Қызылжар ауданы 6-шы орында. Ортанқолдау көрсеткішке мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіруге қатысты ұсыныстардың, оқытылған адамдардың аздығы және ішкі бақылау барысында кемшіліктерді анықтаудың нашарлығы себеп.
Жиын барысында департаменттің бас маманы Гүлнәр Жусалина Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырысы бойынша “Зор Рух” қайырымдылық қоры былтыр жүргізген республикалық қоғамдық мониторинг нәтижесіне тоқталды. Оның мәліметтері бойынша, былтыр біздің облыс мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттанушылық деңгейі бойынша 4-ші орынға тұрақтаған, ал жергілікті атқарушы органдардың қызметі бойынша – 7-ші орында. Сол себепті әлеуметтік зерттеу барысында айтылған теріс пікірлерді жан-жақты зерделеп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға кеңес берілді. Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратына “Ашық әкімдік” және “Openspace” жобаларын жүзеге асыруды жандандырып, бұл жұмысты бірінші жартыжылдықта аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелеріне цифрландыру идеясын кеңінен таратып, “eGovmobile”, “Digitalagent” мобильді қосымшаларын қолдану ұсынылды. Бұған қоса аудан әкімі аппаратына, мемлекеттік органдарға халықтың өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының жұмысына, нысандардың мүгедек жандар үшін қолжетімділігіне мониторинг жүргізу, тұрғындарды “Электронды үкімет” порталын пайдалануға ұдайы үйретуді, мемлекеттік қызмет көрсететін мамандар арасында кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында тайм-менеджмент ұйымдастыру тапсырылды.
Қоғамдық кеңес мүшелдері бұл ретте ынтықмақтаса жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдіріп, қоғамдық мониторинг нәтижелері міндетті түрде сарапталып, тиісті ұсынымдар жолданатынын айтты.


Қайрат САДЫҚ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp