«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПҚА ТҰР, САРБАЗ!

Отан алдындағы әскери борышын өтеу әрбір ер-азаматтың парызы болып саналады. Үстіміздегі жылдың көктемінде Қарулы Күштерге, Қазақстан Республикасының өзге де әскерлері мен әскери құрылымдарына 18-27 жас аралығындағы 16 мыңнан астам азаматты шақыру жоспарланған. Өткен жылы нақ осы кезеңде біздің аудан бойынша әскер қатарына қырық жас шақырылса, бүгінде олардың барлығы дерлік борыштарын өтеп, үйлеріне оралды. Ал күзде жіберілген тағы да қырық жігіт азаматтық борыштарын әлі өтеп жүр. Биыл көктемгі әскерге шақыру маусымы әдеттегіден ерте басталды. Сондықтан шекара қызметі мен Қарулы Күштерге жиырмадан астам ер-азаматты жіберіп үлгердік. Енді ішкі әскерге қабылдау жүріп жатыр.

Бұрынғыдай емес, қазіргі таңда ерікті түрде әскерге барғысы келетіндердің қатары көп. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ бір әттеген-айы бар. Мәселен, әскерге шақырылатын жастардың 50-60 пайызға жуығының денсаулығы жарамсыз болып шығады. Оларда қан қысымының жоғары болуы, жүрек ақаулары сияқты фактілер жиі кездесетін болды. Кейде тексерістен өткен 30-40 адамның ішінде тек үш-төртеуі ғана әскери қызметке жарамды болады. Ал қалғандарын тереңдетілген медициналық тексеріске жібереміз. Толық емделіп келгеннен кейін ғана әскер қатарына шақырамыз. Мұндай жағдай тек бізде ғана емес, еліміз бойынша белең алып отыр. Меніңше, бұл жастардың телефонға шұқшия қарап, компьютер алдында көп отыруларына байланысты ма деймін. Сондай-ақ, жастар уақтылы әрі дұрыс тамақтанбайды. Оның үстіне бүгінгі таңдағы экологиялық жағдай да кері әсерін тигізуі мүмкін. Өзінің дұрыс өмір сүру дағдысына жауап бере алмайтын ер-азамат ертеңгі күні қару ұстап та жарытпайтыны түсінікті жағдай. Біздің аудандағы жиырмадан астам орта жалпы білім беретін мектептердің барлығында алғашқы әскери дайындық жүргізетін мұғалімдер бар. Солар арқылы жас ұрпаққа Отан қорғау абыройлы міндет екенін айтып, олардың болашақта дені сау, қайратты болып өсулері үшін үгіт-насихат шараларын жиі өткіземіз.

Қазіргі таңда әскерден кейін келісімшартпен қызметке қалып жатқандардың саны артуда. Мұны жөн санаймын. Себебі, әскерден келіп жұмыс таппай, босқа жүрген жастарды өзім көріп жүрмін. Егер әскерден кейін нақты орнығатын жұмысы болмаса, бірден келісімшартпен әскери қызметке барғаны дұрыс. Өйткені, елімізде соңғы уақытта осы салаға көп көңіл бөлінуде.

Осы сәтті пайдаланып, бір оқиғаны айтып берейін. Бірде Бескөлдің көшелерінің бірімен кетіп бара жатып, құрылыста жүрген жігітті жолықтырдым. Әлгі баланың дене бітімі зор, қайраты бойында екен. Шақырып алып, әңгімеге тарттым. Әскерге барып келіпті. Мұны білген мен оған өмір бойы осылай құрылыста жүре алмайтынын, ертең жасы келгесін ешкімге пайдасыз болып қалатынын түсіндіріп, келісімшартпен әскери қызметке орналасу керектігін айттым. Ол біраз ойланғаннан кейін аудандық қорғаныс істері бөліміне құжаттарын жинап әкелді. Міне, сол жас қазір Алматы жақта бітімгершілер батальонында әскери қызметте жүр. Жалақысы жақсы. Отбасында 4-5 баласы бар. Әрқайсысына қомақты жәрдемақысын алып тұрады. Он жыл еңбек өтілінен кейін жеке баспана алу мүмкіндігі де жоғары.

Жалпы елімізде әскери қызметшілердің мәртебесі өсті. Әлеуметтік көмектер де көбейтіліп келеді. Тек енді жастар соны түсініп, дұрыс шешімдерін жасай білсе болғаны.

Ардақ БЕКІШЕВ,

Қызылжар аудандық

қорғаныс істері бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp