Отан алдындағы борышын өтеу – әр бозбаланың абыройлы міндеті. Еліміздің Қарулы Күштері қуатты болсын десек, қайсар, отаншыл жандардың әскер қатарында көп болғаны дұрыс. Елдің қорғанысы тек заманауи қару-жарақ, соңғы үлгідегі көліктер мен тың тактикаға ғана байланысты емес. Әскердің айбынын асырып, қуатты ететін басты күш – жауынгерлік рух. Осыны білген бабаларымыз отансүйгіштік қасиетті баласына бесіктен сіңірген. Ел ертеңі саналатын өрендерді ұлтжандылыққа тәрбиелеуге “Amanat” партиясы жанындағы “Жастар рухы” жастар қанатының бастамасымен іске асып келе жатқан “Qaisar” жобасы өз үлесін қосуда.
Біздің өңірімізде жыл басынан бері іске асырылып келе жатқан жоба аясында бүгінге дейін көптеген кездесулер, іс-шаралар мен сайыстар өткізілді. “Qaisar” – өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын оятып, осы бағытта өздерін жетілдіруге жол ашатын жоба.
– Біз жастарды толғандырып жүрген мәселелерге назар аударып, оларды шешу үшін түрлі бағдарламалар мен жобаларға бастамашы болудамыз. Отан алдындағы борышын өтеу жүрегі “елім” деп соққан әр бозбаланың мақсаты болуы керек. Біз жастардың санасына ержүрек батырларымыздың ерліктерін ұялатуды көздейміз. Осы мақсатта ауқымды әскери-патриоттық ойындар ұйымдастырылуда. Жобаға әскери оқу орындары мен мемлекеттік мекемелер қолдау көрсетуде, – дейді “Жастар рухы” жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбай.
Бұдан бөлек, жоба аясында жүргізілетін “Сарбаз болғым келеді” акциясының да берері мол. Акция аясында мектептердің 10-11 сынып оқушылары әскери бөлімдер мен Ұлттық ұлан академиясына барып, сондағы жұмыс барысымен, жауынгерлік техникамен танысады. Әскери бөлімде күні бойы жүрген ұл-қыздардың кейін осы саланы таңдап жататындары көп.
Жыл бойы өткізіліп келе жатқан “дөңгелек үстел” отырыстары мен диалог алаңдары да рухты жастардың басын қосуда. Аталған шараларға әскери сала өкілдері, ардагерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысып, ұл-қыздарды толғандырып жүрген сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітеді. Ауған соғысы ардагерлерінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша одағының өкілі Саян Бекмурзин мұндай кездесулерге жиі келіп, өз білгенімен бөлісіп отырады.
– Әскери қызмет ер-азаматтар үшін ең абыройлы қызмет болуы керек. Бүгінгі қазақ жастарының алдында тұрған басты мақсат – осы. “Qaisar” жобасы аясында ұйымдастырылған шараларға жиі қатысып тұрамын. Бозбалаларға әскери мамандықтың қиындығы мен артықшылықтары туралы айтып жүрмін, – дейді ардагер.
Жоба аясында ұйымдастырылған әскери-патриоттық ойындар ел бойынша 3 мың оқушыны қамтыған. Онда ұл-қыздар тек дене дайындығын ғана емес тапқырлығын да сынға салады.
Айшагүл ӘШІМОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.