«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САРЫТОМАРДАҒЫ МАҒЖАН ОҚУЛАРЫ

Қазақтың таңшолпаны атанған Мағжан Жұмабаевтың туған жері Сарытомар ауылында республикалық Мағжан оқулары өтті. Оған еліміздің тоғыз өңірінен елуден астам мектеп оқушысы қатысты. Үміткерлер үш аталым бойынша өзара бақ сынасты. Оқушылардың бір бөлігі Мағжан өлеңдерін жатқа айтса, келесілері жауқазын жырларын оқып берді. Ал үшінші топтағы үміткерлер біртуар тұлғаның өмірін зерттеуге арналған ғылыми еңбектерін ұсынды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мектеп оқушылары байқау басталмас бұрын ақын ауылын аралау барысында Сасықкөл жағасына келді. Мұнда бұрын Жұмабаевтар әулетінің шаңырағы тұрған. Қазір үйдің орнында ескерткіш құлпытас орнатылған. Онда Мағжанның “Туған жер” өлеңі жазылыпты. Киелі мекенге жиі ат басын бұратын ақынның туысқаны Ержан Ғарипов балаларға ақын ағасы туралы әңгімеледі. Бұдан соң меймандар естелік суретке түсті. Кейін Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев мұражайында болды. Үш залдан тұратын шағын ғимараттың негізгі қорында 107 жәдігер сақталған.

Оқушылар мұражай алдындағы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Алаңда ақынның әндері шырқалып, шараны аудан әкімі Асқар Бегманов салтанатты түрде ашты.

Шараның негізгі бөлімі ауылдың Мәдениет үйінде өтті. Он екінші “Мағжан көктемі” байқауына келушілерді солтүстікқазақстандық өнерпаздар концертпен қарсы алды. Сахна төрі бірінші кезекте ақынның жыр жолдарын жаттаған оқушыларға берілді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Армангүл Ербол ақынның 110 жыр шумағын жаттап келіпті. Ақтөбеден келген жас ақын Нұрбол Жауынбаев Мағжан Жұмабаевқа арнау өлеңдерін оқып, тыңдармандардың зор ықыласына бөленді.

Байқау қорытындысы бойынша ақын өлеңдерін мүдірмей жатқа айтқан ақтөбелік Карина Мұхит бас жүлдені еншіледі. Үздік ғылыми жобасымен ақмолалық 9-сынып оқушысы Ақжол Мәулетхан бірінші орынды иеленді. Ал жас ақындар арасында ақтөбелік дарын иесі Нұрбол Жауынбаев бір ауыздан үздік деп танылды. Ақмола облысынан келген Бағдат Жарқынбек аудан әкімі тағайындаған арнайы сыйлыққа ие болды.

Ақбөпе ТӘҢІРБЕРГЕН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp