Бүгінгі күні елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтауда және дамытуда орасан жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы тарихымыздың тереңіне бойлауға жол ашып, тарихшылардың көкейінде жүрген аса маңызды мәселелерді көтерді. Мақалада Тұңғыш Президентіміз мұрағат саласын кешенді дамыту мақсатында “Архив – 2025” жобасын ұсынды. Бұл ең әуелі құндылықтарымызды түгендеуге мол мүмкіндік бермек.
Әлемнің қарыштап дамуы, жаһандану архив саласының да түбегейлі өзгеруін талап етуде. “Архив – 2025” бағдарламасы Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорындағы құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел архивтерінен ел тарихына қатысты тың деректерді іздестіру мақсатында жасалған. Елбасымыз атап өткендей, архив деректерін тек жинақтаумен шектелмей, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет. Бұл тапсырма архив саласы қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеді. Бүгінгі таңда архив қорын толықтыру мақсатында жұмыс жанданып, аталмыш сала өзгеше форматта дами түсті. Мәселен, өзім басқаратын Аққайың аудандық архив қоры жыл басынан бері өңіріміздің тарихына қатысты тың деректермен толықты. Ауданымыздың қалыптасуы мен білім саласының тарихы туралы табылған құжаттарда 1930 жылдары Бейнетқор болысындағы халық саны, аумағы, шекарасы жайлы мәліметтер бар. Аудан тұрғындарының сол уақыттағы тұрмыс-тіршілігі туралы дерекке де қол жеткіздік. Олардың ішінде кеңес өкіметі тұсындағы кеңшар, ұжымшарлардың құрылуы, егістік алқаптарының көлемі және мал шаруашылығының дамуына қатысты құжаттар да табылды.
1997 жылдан бері архив қоры тәуелсіздік жылдарындағы деректерді жинауға зор мән беріп келеді. Мәдениет, әдебиет, көші-қон, құқық тақырыптарындағы ақпараттар да үнемі жаңартылып тұрады. “Архив – 2025” бағдарламасы бойынша ауданымыздың өркендеуіне елеулі үлес қосқан танымал тұлғалар жайында шетел мұрағаттарынан мәлімет іздестірдік. Ақын, майдангер Виталий Лизун есімді жерлесіміздің құжаттары табылып, мемлекеттің сақтауына табыс етілді.
Ауданымызда түрлі шаралар үздіксіз ұйымдастырылуда. Мектеп оқушыларының қатысуымен туған жер тақырыбында семинарлар өткізіп, жас буынды аудан тарихына қатысты құнды құжаттармен таныстырдық. Ауыл тұрғындары да біздің шақыртуымызбен архивімізге айына бір рет келіп, сирек кездесетін деректерге қанығады. Жерлестеріміздің ішінде қазақ тарихын білгісі келетін азаматтардың көптігі қуантады. Біз жастардың бойында өз тарихын білуге деген құштарлықты арттыруды көздейміз. Осыған орай “Туған жер” бағдарламасы аясында аудандық архивке мектеп оқушыларын шақырып, өлкетану сабақтарын жүргізудеміз. Жыл бойы фотоқұжаттардың көрмесін ұйымдастырып, оған ауданымыздың белгілі азаматтары да қатысты. Жақында ауданымыздың мектеп оқушылары соғыс және тыл ардагерлерімен кездесіп, “Ел бастаған Елбасы” тақырыбындағы тағылымды шараның куәсі болды. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған басқосуда өткен 28 жыл ішіндегі жетістіктер сөз болды. Архив өкілдері Тәуелсіз ел құрудағы қайраткерлердің еңбегін әңгімелесе, аға буын өкілдері Елбасымен кездескен сәттерін еске алып, елді дамыту жолындағы еңбектерін тілге тиек етті. Бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлының өңірімізге жасаған әр сапары архивімізде құнды құжат ретінде сақталғанын мақтанышпен айтамыз. “Ұлылыққа бастаған “Ұлы даланың жеті қыры” тақырыбында өткен шарада да аудан тұрғындары Елбасы жайында тебірене сөйлеп, аталмыш мақаланың ерекшеліктеріне тоқталды. Кеш жүргізушісі оқушыларға ауданымыздағы тарихи орындардың басты ерекшеліктерін айтып, облыс көлеміндегі киелі нысандарға қысқаша тоқталды. Алдағы уақытта мұрағаттағы мәліметтерді толық цифрландырып, жұмысын осы заманға сәйкестендіруді көздейміз.
Динара ДОСЖАНОВА,
Аққайың аудандық
архивінің директоры.