«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САТЫП АЛУДАҒЫ КЕМШІЛІКТЕР

Өткен жылы облыста тіркелген 104 сыбайлас жемқорлық фактісінің 11-і мемлекеттік сатып алулар саласында орын алса, биыл осындай қылмыс саны 25-ке жетіп отыр. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Иван Турковтың қатысуымен өткен онлайн кеңесте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин мәлімдеді. “Zoom” арқылы ұйымдастырылған жиынға жергілікті атқарушы органдардың басшылары да қатысты.

Ернар Ерболұлының айтуынша, аталмыш саладағы “бармақ басты, көз қыстылық” фактілерінің алдын алу және ашу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыттарының бірі саналады. Осы жұмыстың нәтижесінде бюджет қаржысы үнемделіп қана қоймай, көлеңкелі экономикамен күрес жүргізіліп, тұрғындардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеген әрбір бесінші факт мемлекеттік сатып алуларға қатысты. Кең таралған қылмыстар қатарында нақты жеткізушілердің мүдделерін қорғау, жалған актілерге қол қою сияқты фактілер бар. Мәселен, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы басшысы мен бөлім жетекшісіне қатысты қылмыстық іс осыны айғақтайды. Жұмыс барысында 400 мың және 250 мың теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілінген олардың әрбіріне 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар ақыр соңында құрылыс саласын қадағалайтын облыс әкімінің орынбасары жұмысынан кетуге мәжбүр болды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтауға мүмкіндік беретін “Сатып алулардың бірыңғай терезесі” порталымен жұмыс белсенді жүргізілуде. Мамандар өткен 10 айда бұл порталға мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 1 млрд. 200 млн. теңге бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланудың алдын алған. Мысалы, жуырда Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры бұрамашегенің әрбір данасын 4150 теңгеге сатып алмақшы болыпты. Ал оның нарықтағы бағасы небәрі 20 теңгеден аспайды. Осылайша, жоспарға өзгерістер енгізіліп, 12 млн. теңге үнемделді.
Иван Турковтың айтуынша, биыл мемлекеттік сатып алуларға бөлінген қаржы 189 млрд. теңгені құрап отыр. Бүгінге дейін 166 млрд. теңгеге мемлекеттік сатып алулар жүргізілген. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бір көзден сатып алу тәсілі өткен жылмен салыстырғанда 18,5 пайызға азайған. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы деректерді талдау көрсеткендей, өңіріміз бір көзден сатып алу тәсілі бойынша елімізде 7-орында келеді.
Кеңес соңында облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Зылиха Отарғазиева камералдық бақылау қорытындысы жайлы баяндама жасады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp