Өткен жылы облыста тіркелген 104 сыбайлас жемқорлық фактісінің 11-і мемлекеттік сатып алу саласында орын алып, 582,1 млн. теңге шығын келді. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің қатысуымен өткен жұмыс кездесуінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бастығы Ернар Баянғазин мәлімдеді.
“Бармақ басты, көз қыстылық” фактілерінің басым бөлігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру салаларында орын алған. Ернар Ерболұлының айтуынша, қылмыстар қатарында тендерге қатысушылардың мүдделерін қорғау, жалған актілерге қол қою сияқты фактілер бар.
Мәселен, “Қазсушар” республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының директорына қатысты қылмыстық іс осыны айғақтайды. Өзіне жүктелген міндетті орындамағанына қарамастан, кәсіпорын басшысы мен жеткізуші өзара келісімге келіп, қызметті атқарғаны үшін төленуі тиіс бюджет қаржысын аударған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 6 млн. теңгеден асады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы жемқорлық фактілердің алдын алу бағытында ауқымды шараларды қолға алуда. “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде “Сатып алулардың бірыңғай терезесі” порталы іске қосылды. Аталған жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланудың алдын алу мақсатында өткен жылдың қараша айынан бастап бұл порталға мониторинг жүргізіле бастады. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алуда төрт мыңға жуық кемшілік анықталды.
Биыл мемлекеттік сатып алулар арқылы берілетін қаржы өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе артып, 145 млрд. теңгені құрады. Осы орайда бір көзден сатып алу тәсілі екі есе азаяды деп жоспарлануда.
Ал облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Зылиха Отарғазиева камералдық бақылау қорытындысы жайлы баяндады.
– Өткен жылы жалпы сомасы 223,9 млрд. теңге тұратын 45442 үрдіс камералдық бақылауға алынды. Заңнама талаптарына сай келмейтін жайттар анықталды. Мысалы, Ақжар ауданындағы “Даяна” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 17 млн. теңгенің мемлекеттік сатып алуында талаптарды мүлдем ескермеген. Мұндай фактілер Петропавл халықаралық әуежайында, “Мамлютское – 1”, “Алпаш” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде де орын алды. Серіктестік директорларына жалпы сомасы 940,5 мың теңгенің айыппұлы салынды, – деді Зылиха Отарғазиева.
Сондай-ақ, департаментке түскен арыз-шағым негізінде Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне аудит жүргізілді. Нәтижесінде 3850,0 мың теңгені құрайтын қоршау орнату жұмысының дұрыс орындалмағаны белгілі болды. Мемлекеттік органға аталған кемшіліктерді жойып, жауапты азаматтарға шара қолдану жөнінде нұсқама жолданды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.