«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сауалнама

Елдіктің белгісі, тәуелсіздіктің нышаны саналар аспан түсті Туымызды, айбынды Елтаңбамыз бен асқақ Гимнімізді қастерлеу – әркімнің де қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздер күніне орай айтулы мерекенің маңызы жайында сауалнама жүргізген болатынбыз.

Гүлнұр Қапезова,  

Прибрежное орта мектебінің мұғалімі:

– Елдік пен ерліктің, тарих пен тағылымның, бақуатты болашақтың нышандарын дәріптеу арқылы елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ететін жасты тәрбиелеп шығару – әрбір ұстаздың міндеті. Мемлекеттік рәміздер халқымыздың өткен тарихын, мәдени құндылықтарын, лайықты болашаққа деген талпынысын бейнелейді. Сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілікті, патриотизмді қалыптастырады. Біздер оқушыларымызға рәміздердегі эстетикалық талаптармен бірге олардың тарихи, экономикалық, саяси мәнін түсіндіру ісіне қашан да ерекше көңіл бөліп келеміз.

Әйгерім Ташетова,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің инженерлік-техникалық факультетінің студенті:

– Ел егемендігін алған уақыттан кейін төл рәміздеріміз де дүниеге келген екен. Біздер сол сәттердің куәсі болмасақ та, бұл күннің маңызын ерекше сезінеміз.

Қазақстанның Туы басқа тәуелсіз мемлекеттердің байрағымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимараты алдында желбіреуде. Ал Гимніміз Олимпиада ойындарында және әлемдік чемпионаттарда орындалады. Мемлекеттік рәміздеріміз қазақстандық ғарышкерлермен ғарышта да болды. Мен де шетелге шығып, еліміздің абыройын асқақтата түсуді армандаймын.

Алтынсары Қайырбек,

№2 Благовещенка орта мектебінің оқушысы:

– Рәміздер елдің тәуелсіздігін алуы, мемлекеттік шекарасын айқындап, төл теңгесін шығаруы сияқты аса маңызды егемендік сипаттарымен біте қайнасып жатыр. Қазақстан тарихының тереңіне сүңгіген сайын мемлекеттік рәміздеріміз баға жетпес құндылықтар екеніне көз жеткізе түсемін.

Әрбір мектеп оқушысы бір адамдай мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгілерін көрсетер болсақ, бұл да біздің мемлекетімізге, ұлтымызға, елдігімізге қосқан үлкен үлесіміз болмақ деп ойлаймын.

Сауалнаманы жүргізген

Гүлімжан ҚАЙЫРБЕКОВА,

СҚМУ студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp