«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САУАЛЫ КӨП, ЖАУАБЫ АЗ БРИФИНГ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті сала басшыларының қатысуымен брифинг ұйымдастырып келеді. Сала-сала бойынша қоғамның өзекті мәселелері қозғалатын алаңға айналуы тиіс басқосу бұл жолы орта белден үзілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов пен емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері қатысқан соңғы брифингте асығыс-үсігістік орын алып, БАҚ өкілдерінің сауалдары тіл ұшында қалды.

Баспасөз конференциясында облысымыздың бас дәрігері Қабдырахман Сақтағанов өңіріміздің денсаулық сақтау саласының жайына тоқталып өтті. 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын тілге тиек еткен басқарма басшысы әлеуметтік маңызы бар дерттермен күресте науқастың да өз денсаулығына деген жауапкершілігін сезінуі маңызды екендігін айтты.  

Бүгіндері облыстың денсаулық сақтау саласы Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңына сәйкес тұрғындарға 17 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетуде. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында ақ халаттылар 80 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсеткен. Салада шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Осы тұсқа келгенде әңгіме сұйылып сала берді. Көптеген әріптестеріміз, тіпті, көкейлеріндегі сауалдарын қойып үлгермеді. Мұндай мүмкіндік бірнеше журналиске ғана бұйырды. Бірі Мамлют ауданының созылмалы дертке шалдыққан мүмкіндігі шектеулі тұрғыны Александр Токаревтің тегін берілетін дәрі-дәрмекке қолы жетпей отырғандығын жеткізді. Қабдырахман Сақтағанов бұл мәселені бақылауға алатынын айтты.

Біз басқарма басшысының назарын емханалардағы кезек мәселесіне аударған едік. Оған №3 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетова жауап берді. Ол емдеу мекемесінде Call-орталық жұмыс істей бастағандығын, оның түйінді шешуде тиімді екенін айтып берді. Орталыққа күніне 600-900-ге дейін қоңырау түседі екен. Ол емхананың өзге бөлімшелеріне қарағанда, әйелдер консультациясына келгендердің көбірек кезек күтіп қалатынын жасырмады. Бұл бөлімшеде 5 гинекологдәрігер қызмет етсе, олардың әрбіреуінің учаскесінде 9 мыңға жуық әйел есепте тұр екен. Ал осы мәселе өзге емханаларда қалай шешілуде? Бұл сұрақ жауапсыз қалды.

Денсаулық сақтау саласында бұдан басқа да талқылауды қажет ететін мәселелер жетерлік: есепке алынған науқастардың тегін дәрі-дәрмекті уақытында ала алмауы, дәрігердің науқастарды түбіртекте көрсетілген уақытта қабылдамауы, шақырылған жедел медициналық көмектің уақытында келмеуі, шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің тиісті дәрежеде көрсетілмеуі, кадр тапшылығы…тізе берсек, толып жатыр.

Осы арада жалпы брифингтің ұйымдастырылуына көңілім онша толмайтынын айтқым келеді. Оларда көп уақыт белгілі жайларды тізбелеумен кетеді. Есеп берушілер жұртшылықты толғандырып отырған көкейкесті мәселелерді қозғауға құлықсыз сияқты. Біздің ойымызша, брифинг журналистерге саладағы істің жайы туралы ақпарат берумен қатар, тұрғындардың шымбайына батқан мәселелерді ашық айтып, талқылау үшін ұйымдастырылып отырған жоқ па? Бірақ жақсы ниетпен қолға алынған брифинг бағытынан тайып бара жатқан тәрізді. Қайда асыққандарын кім білсін, шараны тамамдауға жанталасқан ұйымдастырушылар сауалдарды жазбаша түрде жолдауды өтінді. Сонда баспасөз брифингі не үшін ұйымдастырылып отыр?

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp