
Статистикалық деректерге сүйенсек, адам баласы күніне 3-4 рет қолын сабындап жуатын болса, жылына, шамамен, 1500 рет тазалық құралын пайдаланады екен. Күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған қол жуғыш зат қалай жасалады? Оны білу мақсатымен Петропавл қаласындағы “Радуга” ЖШС-індегі сабын өндірісі цехына арнайы барған едік. Кәсіпорынның жуу құралдарын өндіретін фабрикасы былтыр қараша айында іске қосылған болатын.
Өндіріс басшысы Андрей Генне сабын жасау туралы ой ең алғаш 2017 жылы келгенін айтады. Содан кейін бір жыл бойы нарық жағдайы зерттелген. Одан соң, шамамен, бір жыл өткеннен кейін ғана осы ойды жүзеге асырудың сәті түсті. Ол үшін ғимарат салынып, Қытайдан қажетті құрал-жабдық жеткізілген. Қытайлықтар 3 ай бойы осында жүріп, жұмысшыларға жабдықтармен жұмыс істеуді үйреткен. Жаңа кәсіпорынға құйылған инвестиция көлемі – 840 миллион теңге.
14 жұмыс орны ашылған. Мұндағы орташа еңбекақы 110 мың теңге шамасында. Биылдан бастап өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында түнгі ауысымды іске қосып, тағы 6 адамды жұмысқа алу жоспарлануда.
Қазақстанда сабын өндірісінің дамуы баяу екені белгілі. Еліміздің оңтүстігіндегі “Шымкентмай” ЖШС-і мен Алматы облысындағы “Сұлу” компаниясы ғана жуу құралдарын шығарады. Бірақ онда сабын дайын түйіршіктерден жасалады. Жергілікті кәсіпорынның ерекшелігі – сабын жасап шығару барысы үрдісі түгел өз мойындарында әрі мұнда тек қазақстандық шикізат қана қолданылады. Шикізат демекші, әзірге оны жеткізу үшін Қостанай және Өскемен қалаларымен келісімшарт жасалған.
Бүгінгі күні дайын өнім Қазақстанның барлық қалаларына жеткізіліп, саудаға шығарылуда. Енді Ресей нарығына енудің жолдары қарастырылып жатыр. Осы күнге дейін Саратов облысының нарығы ғана игерілгенін айта кетейік. “Ресейдің әрбір қаласында сабын қайнататын зауыттар бар болғандықтан, көрші ел тұрғындарын тек бағамен ғана қызықтыруға болады”, – дейді Андрей Петрович.
Бір қиыны, бұл саланың мамандары бәсекелестіктен қорқып, бір-бірімен тәжірибе алмаспайды екен. Сабынның тарихы 6 мың жылдан асса да, ашылмаған сырлары әлі жетерлік. Сондықтан петропавлдықтар қажетті білім мен тәжірибені кітаптар мен интернеттен алуға мәжбүр. Кеткен қателіктері болса, сабын қайнату барысында түзетуге тырысады. Бірде сатып алған шикізаттың бір партиясы сапасыз болып шығып, нәтижесінде көпірмейтін сабын жасалған екен. Содан бері лаборант-технолог Юлия Бызова шикізатты сатып алмас бұрын, сынамасын алдыртып, сапасын егжей-тегжейлі тексереді. Юлия Сергеевнаның айтуынша, сабынның құрамында екі-ақ зат бар: оның бірі – сілті, яғни натрий гидрохлориді, химия тілімен айтқанда кәдімгі NaOH; екіншісі – әртүрлі майлар. Құрамындағы май қышқылдарының мөлшері неғұрлым жоғары болса, соғұрлым кірді жақсы ашады әрі сабынның түсі ағара түседі.
Қазір фабрика кір сабынның 65 және 72 пайыздық екі түрін, иіс сабынның 12 түрін өндіреді. Мұнда күніне 5 тонна сабын шығарылады.
Роза ШӘКЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.