«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САУДАСЫН ҚЫЗ-ҚЫЗ ҚАЙНАТҚАН ӘЙЕЛ айыппұл төлейтін болды

Тайынша ауданының тұрғынынан 187 литр ішімдік тәркіленді. Аудан орталығында спирттік ішімдік заңсыз сатылып жатқаны көшеде мас ер адам ұсталғаннан кейін белгілі болды. Қойнына 1,5 литр арақ тыққан жергілікті тұрғын оны Тайынша қаласының 65 жастағы саудагерінен сатып алғанын жайып салған. Елде карантин жарияланғанына, тайыншалықтардың шағымына қарамастан саудагер әйел өз үйінде арақ сатуын доғармапты. Одан бес литрлік 37 шөлмек тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Саудагерге қатысты әкімшілік материал жиналды. Оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Айта кетейік, әйел ақпан айында заңсыз қызметі үшін айыппұл төлеген. Ал мас күйінде көшеде жүрген тайыншалық төтенше жағдай режімін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

«Жыл басынан бері 400 литрден астам алкоголь өнімі заңсыз айналымнан алынды. Бұл жұмыс маскүнемдікпен күреске бағытталған. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғанындай, қылмыстардың көбі мастықпен жасалады. Биыл өңірімізде 200-ден астам қылмыс мас күйде жасалған. Қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін 3647 адам жауапкершілікке тартылды. 62 солтүстікқазақстандық мәжбүрлеп емдеуге жолданды. Тағы 55 адамды мәжбүрлі түрде емдеу туралы сот шешімі шығарылды», – деді жергілікті полиция басқармасының бастығы Айдын Байматов.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp