Спорт – саламатты өмір салтының ажырамас бөлігі. Соның ішінде жүзу – жан-жақты дамуға ықпал ететін, адам ағзасына пайдасы мол әрі әлемдік деңгейде сұранысқа ие спорт түрі. Ол денені шынықтырып қана қоймайды, өмірлік маңызды дағдыны да қалыптастырады.
Жүзуді тек спорт деп қарастыру жеткіліксіз. Ол – қауіпсіздік дағдысы. Жаздың қапырық, ыстық күндерінде адамдар өзен-көлдердің, теңіздердің жағаларына жиналады. Судың жағасындағы таза, салқын ауа, күннің сәулесі, табиғи көгілдір өсімдіктер дүниесі демалысқа өте пайдалы. Әрине мұның бәрі, әсіресе жақсы жүзе білетін адамдарды ерекше рақаттандырады.
Жүзу дегеніміз – судың бетімен немесе ішімен белгілі тереңдікте қолмен және аяқпен есу қимылдары арқылы адамның ілгері жылжуы. Жүзе білетін адам судағы неше түрлі кедергілерді жеңеді, суға батып бара жатқан жанды құтқаруды да біледі. Ал жүзе білмейтін адамдар үшін керісінше қауіп көп. Сондықтан да бұл дағдыны әрбір бала мектеп қабырғасында меңгеруі тиіс.
Бүгінде елімізде жүзумен айналысатын балалардың саны артып келеді. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған жүзу үйірмелері, спорт мектептері мен бассейндер көбеюде. Бұл – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің бастамасы.
Петропавлдағы «Дельфин» спорт мектебі – жүйелі түрде дамып келе жатқан мекеме. Мектептің материалдық базасы үнемі жаңарып, шәкірттері республикалық, халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсетуде. Бүгінде мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылында штаттық режімде жұмыс істемек. Бұл – жүзуді үйренгісі келетін балалар мен жастар үшін үлкен мүмкіндік.
– Спорт мектебінде 7 мен 18 жас аралығындағы 240 жасөспірім жүзумен айналысады. Мектебімізде 4 спорт шебері, 3 спорт шеберіне үміткер бар. 11 жаттықтырушы жұмыс істейді. Одан бөлек, тұрғындарға арналған сауықтыру топтары бар. Олар ақылы, – дейді «Дельфин» спорт мектебі директорының орынбасары Дәурен Нұрғожин.
Маманның айтуынша, жүзу – Олимпиада ойындарының негізгі түрлерінің бірі. Жүзудің бірнеше стилі бар: баттерфляй, брасс, кроль және арқамен жүзу. Жүзуші тек су бетінде жылдам қозғалуымен ғана емес, өз денесін бақылау шеберлігімен де ерекшеленеді.
Медицина мамандары жүзуді жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, бұлшық ет және жүйке жүйесін жақсартатын ең тиімді жаттығу түрі деп есептейді. Су – денеге түсетін салмақты азайтып, буындардың қатаюына мүмкіндік береді. Бұл әсіресе балалар мен егде жастағыларға пайдалы.
Жүзу арқылы адамның тыныс алу қабілеті артады, жүйке жүйесі тынышталады, күйзеліс азаяды, иммунитет күшейеді. Мамандардың айтуынша, аптасына кемінде 2-3 рет 45-60 минут аралығында жүзген адамның денсаулығы анағұрлым жақсы болады.
«Суда жүзу омыртқа ауруларының алдын алады. Қозғалыс дене мүшелерінің қызметін арттырып, омыртқа сүйектерінің жанындағы кішкентай бұлшық еттерді «тынықтырады». Омыртқа бағанасына түскен ауырлықты тежейді. Сонымен қатар остеохондроз ауруының алдын алып, дене бітімін қалыпқа келтіреді», – дейді Дәурен Нұрғожин.