«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САУ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, САУМАЛ ІШ

Қазіргі таңда бие сүтіне, яғни саумалға деген сұраныс тек біздің елде ғана емес, басқа шет мемлекеттерде де артып келеді. Өйткені, саумалдың емдік қасиеті зор.

Көптеген елдердің ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бие сүтінің адам ағзасындағы ауруларға шипа екені дәлелденген. Қымыздың құрамындағы “С” дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп болғандықтан, альбуминдік қасиетке ие екен. Бие сүтінде ақуыз, май, көмірсу көп. Бұл бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана.

Негізі, сүт екі топқа бөлінеді. Бірі – казеинді, екіншісі – альбуминді сүт тобы. Мәселен, қойдың, ешкінің, сиырдың, түйенің сүті казеинді топқа кіретін болса, альбуминдіге адамның және биенің сүті ғана кіреді. Альбуминді сүт асқазанға жеңіл, ас қорыту жүйесіне пайдасы өте зор. Құрт ауруына бірден-бір ем. Сонымен қатар өкпе ауруларын емдеп, қан айналу жүйесіндегі тамырлардың жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз етеді. Жалпы иммунитетті көтереді. Сонымен қатар саумал ағзадағы зат алмасу барысын жақсартып, онкологиялық аурулардың жазылуына ықпал етеді. Ағзаның регенерациялық қасиетін күшейтіп, ерте қартаюдың алдын алады. Бауыр сырқатын емдеуден кейін­гі кезеңдерде саумалдың оң әсер ететіні расталып отыр. Бактерияға, қабы­ну­ға қарсы күресте де бие сүтінің пайдасы зор. Саумалдың емдік қасиетінің бірі созылмалы ас қорыту ауруларын емдеуде, яғни “патогенетикалық терапияның” тезірек жүруіне оң әсер береді және кейбір зақымданған ағзалар мен жасушалардың қалпына келуіне жәрдемдеседі.

Саумалмен емделу барысында оның емдік және аурудың алдын алу қасиеті жоғары болғандықтан, күндегі пайдалану тәртібі мен жүйелілігін сақтаған дұрыс болады. Әдетте таңертең таңғы астан жарты сағат бұрын, түскі асқа дейін және кешкі астан бұрын саумалдың бір кесесін асықпай ішкен жағдайда ол ағзаға пайдалы. Жас саумал қырық шақты биологиялық компоненттерден тұрады. Күн сайын ішілген бір литр саумал адам ағзасын ақуыздармен, амин қышқылдарымен, сіңімді майлармен, көмірсулармен, кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералды заттармен, “А”, “В1”, “В2”, “В6”, “В12”, “РР”, “Е”, “С” дәрумендерімен байытады.

Емдеу курсы нәтижелі болуы үшін ол кем дегенде бір айға созылуы тиіс. Негізінен саумалды өмір бойы пайдаланудың да еш артықтығы жоқ. Дегенмен, саумалмен емделудің де өзіндік тәртібі бар. Жаңа сауылған бие сүтінің емдік қасиеті негізінен жылы күйде ішілген кезде білінеді. Мұнымен қатар биені сауған уақытта санитарлық-гигиеналық, ветеринарлық және т.б. жағдайларға көңіл бөлу керек.

Германия елінде бие сүтін сублимация әдісімен құрғатып, құрғақ ұнтақ түрінде саудаға шығару қолға алынған. Бұл өнімді жылы сумен араластырып ішкен кезде дәмі мен негізгі құрамы жағынан кәдімгі жас саумалдан еш айырмасы жоқ деп айтуға болады. Мұндай өнім соңғы үш жылдан бері біздің елімізде де шығарылуда. Қарағанды облысының Осакаров ауданына қарасты Жансары ауылдық округінде “Евразия Инвест LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Saumal” атты құрғақ бие сүтінің ұнтағын нарыққа шығаруда. Шаруашылықта заманауи неміс технологиясына негізделген әрі толықтай автоматтандырылған қондырғылардың көмегімен 700 бие сауылады. Жүз па­йыз табиғи, пайдалы қасиеттерін сақтап қалған бие сүтінің ұнтағы биологиялық белсенді қоспа болып саналмайды. Ешқандай жанама кері әсері жоқ саумалды ұзақ уақыт бойы ішуге болады.

Консерванттар және бас­қа қоспалар қосылмаған табиғи өнімді шығару жобасы – “Евразия Инвест LTD” компаниясының басшысы Қ. Мейрамбековтің бастамасы. Бірегей жоба Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің және “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның демеушілігімен жүзеге асырылған. Алғашында өнімнің көлемі 10 тоннаны құраған, бүгінде 30 тонна құрғақ саумал ұнтағын шығаруға қуаттылығы жетеді. Ал қажетті шикізат көлемін ұлғайту мақсатында жақын маңдағы жылқы ұстайтын шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасаған серіктестік басшылығы алдағы уақытта өнімнің көлемін 120-130 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлауда. Бүгінгі таңда отандық нарықта бұл өнімге деген сұраныс жоғары. Тапсырыстар алыс және жақын шетелдерден де көптеп түсуде. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында қайта өңдеу кәсіпорындардың біріне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп, бұл кәсіпорын бие сүтінің құрғақ ұнтағын шығару ісін кеңейте түспек.

Сублимациядан өткен бие сүтінің ұнтағы герметикалық қаптамада өзінің сапасы мен емдік қасиетін ұзақ уақыт бойы жоғалтпайды. Жаңа өнімнің емдік қасиетін тексеру мақсатында дәрігерлер мен ғалымдардың қатысуымен бірнеше тәжірибелер жүргізілген болатын. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде ас қорыту жүйесімен ауыратын 20 емделушіге саумал ұнтағы мен “Сарыағаш” суы араластырып берілді. Емдік курстың барысында екі сусын да емделушілерге алғаш іше бастағаннан-ақ оң әсерін берген. Тәжірибені жүргізген ғалымдар мен профессорлар сублимациядан өткен саумалды ауруды емдеу және кеселдің алдын алуға қолдануға ақыл-кеңес беріп отыр.

Біздің еліміздегі саумалдың қасиеті шетелдік өнімге қарағанда сапасы жағынан әлдеқайда көш ілгері екені анықталған. Оны өздері де мойындап отыр. Себебі, Еуропа еліндегі биелер еркін жайылмай, өлшеп берілген жемазықпенен азықтанады.

Болашақта инновациялық технологияларға негізделген ұлттық нышандағы мұндай жобалар қазақ даласында да жүзеге асырылады деген үміттеміз.

Абай ЖАНҒАБЫЛОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің терапия бөлімі кафедрасының меңгерушісі,

Ерлік ЖІКІШЕВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің докторанты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp