
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған IV халықаралық “BALAUSA” экспериментальді спектакльдер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.
Сәуірдің 16-21-ы күндері Ақтөбе қаласында театр ұжымдары арасындағы өнер додасы тартысты өтті. Өзбекстан, Армения, Татарстан елдері мен Ақтөбе, Көкшетау, Алматы қалаларының театрлары қатысқан фестивальде жерлестерімізге жеңіс тұғырынан көріну оңай болған жоқ. Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” шығармасының желісі бойынша дайындалған спектакльге солтүстікқазақстандық театр әртістері барлық шеберліктерін салды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов.