“Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театрында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Қазақ халқы – Абайдың халқы” атты салтанатты кешпен бастау алған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы өңірлерде жалғасын тапты. Облыс орталығындағы қазақ жұртының біртуар перзентіне арналған іс-шаралардың шымылдығы өткен демалыс күндері Жастар сарайында өткен “Абай әлемі” концертімен түрілді.
Шара Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры өнерпаздары ұсынған театрландырылған көріністен басталды. Нұрбол Құмарша Абайдың өнегелі қарасөзін, ал Амангелді Төлегенов Александр Пушкиннің “Евгений Онегин” туындысынан және Михайл Лермонтовтың шығармаларынан үзінді оқып, өнерсүйер қауымды ерекше көңіл күйге бөлеп, көз алдына сол заманның бейнесін әкелгендей болды.
Концертте Батыржан Смаковтың көркемдік жетекшілігімен құрылған Нұр-Сұлтан қаласындағы “Жастар” студенттік хор капелласы да өнер көрсетті. Айзада Дүйсенова дирижерлік еткен өнер ұжымы солтүстікқазақстандық көрермендерді ерекше тәнті етті. Қазақ халқы сүйіп тыңдайтын “Елім-ай”, “Тау ішінде”, “Жыл мезгілдері”, “Су тасушы қыз”, “Қараторғай” әндері елордалық хордың орындауында көрермен жүрегін селт еткізбей қоймады. Хәкім Абайдың “Қараңғы түнде тау қалқып”, “Желсіз түнде жарық ай” әндері кештің сәнін аша түскені сөзсіз.
Қазақтың бас ақынының әндері шырқалған кештің арнайы қонағы – Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі, Үлкен театрдың солисі Павел Черныхтың таңғалдырған өнеріне тоқталып өтпеске болмас. “Евгений Онегин” шығармасындағы Греминнің ариясынан бастаған олар Татьянаның әнімен”, Алеконың әуенімен жалғастырды.
Хәкім Абайдың мерейтойына арналған шарадан өңіріміздің бетке ұстар таланттары да тыс қалмады. “Жерім менің”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Абай”, “Ажар” ариялары, “Сегізаяқ” шығармалары облыстық филармонияның өнерпаздары, халықаралық конкурстардың лауреаттары Бахыт Ілиясов, Гүлзада Дүйсенова, Асхат Тауышев, Біржан Есжанов бастаған әншілердің орындауында көрермен назарына ұсынылды. Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған концерттік бағдарламаны тамашалауға келген қауым ерекше әсерге бөленді.