Петропавлдағы Достық үйінде Қазақ хандығының құрылғанының 550 жылдық мерейтойына арналған оқушылардың облыстық айтысы өтті. Дүбірлі додада аудандық кезеңдерде іріктелген он екі айтыскер бақ сынасты.
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өңірімізде алғаш рет өткізілген аламан бәйгеге қатысушыларды білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Гүлдарай Қайнетова құттықтап, сәттілік тіледі.
Бөлінген он бес минут ішінде албырт айтыскерлер қазақтың қилы тағдырын, отты шежіресін, жер, ел үшін қанын төгіп, басын бәйгеге тіккен батырлардың өр тұлғасын жырға қосты, тұғырлы Тәуелсіздікке тәубе етіп, еліміздің жетістіктерін мақтанышпен өрнектеді. Сондай-ақ, қоғамда орын алып жатқан бірен-саран кемшіліктерді де назардан тыс қалдырмады.
Дүбірлі дода қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Жамбыл ауданындағы Майбалық орта мектебінің 11-сынып оқушысы Наил Низамеддин, Айыртау ауданына қарасты Дәуқара орта мектебінің 8-сынып оқушысы Дәулет Құрмаш, Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Әбдіжаппар Мұқымтаев өзара бөліссе, екінші орынға Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернатының оқушысы Алтынбек Әділбек табан тіреді. Бірінші орынды қарсыласын уытты әзіл, отты ойларымен инедей шаншып, найзадай түйреген Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінің оқушысы Санжар Тастамбек еншіледі.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.