«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – АҚ ХАЛАТТЫЛАР

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Тәуелсіздік күніне орай “Қазақстан – менің туған елім!” атты байқау ұйымдастырды. Медицина қызметкерлері бір күнге ақ халаттарын шешіп, сахна сәніне айналды.

Петропавлдағы медициналық колледждің іші мерекеге сай безендірілді. Шараны ұйымдастырушылар қонақтарды кіреберістен әсем әуенмен қарсы алды. Іріктеу екі кезеңде өтті. Байқаудың қорытынды концертіне облыстық, қалалық және аудандық ауруханалардың ақ халатты абзал жандары қатысты.  

Сахнаға алғашқылардың бірі болып қазақ ұлттық биімен медициналық колледждің ұстаздары шықты. Бұл шарадан Петропавлдағы Сәбилер үйі де тысқары қалмады. Олар жиналғандар назарына “Соғыс балалары” биін ұсынды. Ақ халатты абзал жандардың ішінде мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер де аз емес екен. Тайынша ауданының орталық ауруханасында хирург дәрігер болып қызмет ететін Жасқайрат Бинашев “Туған жер” атты халық әнін нақышына келтіре орындап берді. “Қазақстан жері” деген әнді орыс тілінде айтқан Татьяна Фролова Тимирязев ауданының орталық ауруханасында медбике болып қызмет істейді.

Барлық өнерпаздардың ішінен айы оңынан туған үміткер Қайрат Қалықов болды. Ол байқау нәтижесінде бірінші орынды иеленіп, 150 мың теңге көлеміндегі сыйақыны қанжығасына байлады. Қайрат Қалықов – Аққайың ауданының тумасы. Қазіргі таңда облыстық жедел медициналық көмек орталығында санитар болып қызмет етіп келеді. Әуесқой әнші Алтынбек Қоразбаевтың белгілі “Туған жер” әнін айтып берді.

– Нағашыларымның барлығы ән айтады. Бірақ ағайындарымның біреуі де өнер жолын қумады. Мен де әнді үйде, той-томалақтарда орындап жүрдім. Бірақ кәсіби түрде айналысқан жоқпын. Медициналық қызметте жүріп, өнер додасынан бірінші орын аламын деп еш ойлаған жоқ едім, – дейді жеңімпаз.

Екінші орынды Тайынша ауданының намысын қорғап келген ақ халаттылар иеленді. Ал үшінші орынды облыстық тері-венерологиялық диспансердің ұжымы місе тұтты. Өзге қатысушылар да құр қол қайтпады. Барлығы дерлік алғыс хат және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp