«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – БААТЫРБЕКТІҢ ТҮЛЕКТЕРІ

Петропавл өнер колледжінде “Актерлік өнер” бөлімі өз жұмысын бастағанына ширек ғасыр өтті. Оқу бағдарламасы 2001 жылдан бері екі тілде жүргізіліп келеді. Егер орыс тобы 1989 жылы ашылса, 2001 жылы бөлім мемлекеттік тілде білім алатын алғашқы студенттерін қабылдады.

Музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат – өнер колледжі кешенінің директоры Роза Кашенованың айтуына қарағанда, актерлік өнер бөлімінде қазақ тобының ашылуына ұйытқы болған адам – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының алғашқы директоры әрі бас режиссері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек. Ол театрдағы кадр тапшылығы мәселесін шешуді көздеген екен. Содан бері 14 жыл өтті. Театр қайраткерінің көздегені жүзеге асты ма?  

“Актерлік өнер” бөлімінде 1999 жылдан бері ұстаздық пен меңгерушілік қызметті қоса атқарып келетін Наталья Котляренко: “Жыл сайын бөлімнің орыс тобына түсем деушілер артпаса, кеміген емес”, – дейді. Оның себебі де түсінікті. 125 жылдық тарихы бар Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында бірнеше буын қалыптасып үлгерді. Соған қарамастан, онда да жас сахнагерлерге деген сұраныс басым. Әсіресе, актрисалардан гөрі, жас актерлер ауадай қажет екен. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында да кадр тапшылығы өзекті мәселе екені белгілі. Десе де, бұл бөлімнің қазақ тобына түсем деушілер кемімесе, ұлғайған емес. Облыстық қуыршақ театрында ғана актерлік құрам толықтай құрылған деп айтуға болады. Бірақ онда да қазақтілді актерлер қажет”, – деді.

Қазіргі таңда актерлік мамандықты 22 студент меңгеріп жүр. Олардың 9-ы ғана қазақ тобында оқиды. Ал жалпы осы жылдардың ішінде қазақ тобын тамамдаған студенттердің саны 20-ға жуықтады. Бұл топты тамамдаған тұңғыш түлектердің бірі – Самал Еслямова. Ол 2008 жылы Канн кинофестивалінде “Ерекше көзқарас” аталымында бас жүлдені қанжығасына байлаған Сергей Дворцевойдың “Қызғалдақ” фильмінде басты рөлді сомдады. Жерлесіміз ресейлік театр өнері университетін аяқтап, қазіргі таңда Мәскеуде тұрып, шығармашылық жолын жалғастыруда. Сергей Дворцевойдың “Айка” атты жаңа фильміне түсуде. Онда да Самал Еслямова басты рөлді сомдамақ. Әлемдік деңгейде ерекше ілтипатқа бөленген кино туындылар арқылы танылған жерлесіміздің жергілікті өнер колледжінде актерлік өнердің қыр-сырын меңгергендігі оқу орнының абыройын асқақтатқандай.

Колледжде өңірлік театрлардың белгілі сахнагерлері дәріс береді. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бас режиссері Баатырбек Шамбетов пен актриса Аида Сұпатаева, ал Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрынан Анатолий Наргеленас оқытуда. Сонымен қатар, театр тарихы мен драматургия пәнінен сабақ беретін жоғары санатты ұстаз Нина Кочергина бар.

Оқу орнында 2006 жылдан бері жас сахнагерлерді актерлік өнерге баулып келе жатқан Баатырбек Шамбетов бұл мамандықтың қыр-сыры жайында сөзге тартқанымызда:

– Өзіңіз білесіз, қазақ театрына жас мамандар ауадай қажет. Ал облыстық театрларға республикалық деңгейлердегі жоғары оқу орындарын тамамдаған актерлерді тарту оңай емес. Барлығы қаржыға келіп тіреледі. Өз басым театрдағы жұмысымнан өзге ұстаздық қызметке осы себептен кірістім. Театрда қызмет еткен соң оның болашағын да қамтамасыз етуіміз керек. Ал С.Мұқанов театрының болашағы жергілікті сахнагерлердің үлесінде болса, оларды қанаттандыратын “Актерлік өнер” бөлімін театр қызметкерлерін даярлайтын оқу орны деп білемін.

– Баатырбек Рысқұлұлы, осы жылдар ішінде сіз бір емес, бірнеше курсты оқытып шықтыңыз. Олардың алды – театрда басты рөлдерді сомдап жүрген Асылхан Разиевтің өзі биылғы жылы колледжде ұстаздық қызметін бастады. Бөлімге оқуға түсуге келетін жастардың тең жартысы – ауыл балалары. Олардың арасында актер боламын деп құлшынып келетіндері қаншама?

– Мектепті бітіріп келетін оқушылардың көп жағдайда театр өнері жайында хабары болмайды. Сахнаға шығып, жаттап алған өлеңін оқып берсе болды деп санайды. Оқу барысында бұл мамандықтың қиындығына қанық болып, кейбірі, тіпті, шыдай алмай, оқудан шығып та жатады.

– Білуімше, негізгі оқу бағдарламасындағы пәндерді орыстілді мұғалімдер береді. Ал студенттердің айтуынша, олардың оқудан шығып қалуының бірден-бір себебі тілді тереңірек білмеулері болса керек.

– Орыс тілін білмегендіктен, олар сабақтан шығып қалды дегеніне өз басым сенбеймін. Бар кінә – өздерінде. Білім алуға деген ынталары болмайды. Және олар үлгерімі мен тәртібінің нашарлығынан ғана оқудан шығады. Тіл білмеймін деген сылтау ғана. Оның үстіне қазақ тобында оқитын студенттерге негізгі пәндер мемлекеттік тілде беріліп келеді. Және де сабақтар театрда өтеді. Өз басым Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында актерлік өнерге оқып жүргенімде театрдың қызмет есігінен кіріп, сахна сыртындағы актер өмірін көру арман болатын. Біз оқып жүріп театрдың ішкі құрылысынан, жұмыс үдерісінен бейхабар болдық. Менің студенттерім театрдың ішінде сабақ алады. Бұл олар үшін үлкен жетістік. Студенттік жылдардан бастап, театрдың тынысына қанық болады. Кәсіби актерлермен бірге спектакльдерге қатысады.

– Өткен жылы қазақ театрынан кейбір актерлер кетіп қалды. Солардың орнын осы колледждің түлектері басады деп ойлайсыз ба?

– Солай болуын қалаймын, – деген ол, студенттердің бағындырған алғашқы жеңістерімен де бөлісті.

Жуырда қазақ театрында тұсаукесері өткен Г.Хугаевтің “Қара шекпен” қойылымында қоян рөлін сомдаған актриса Жанар Бегалина студент кезінде Алматы қаласында өткен республикалық жас актерлер фестивалінде үздіктер қатарынан табылып, сахнагерлік шеберлігін байқауда дәлелдей алған екен. Ол норвег драматургі Генрик Ибсеннің “Қуыршақ үй” пьесасындағы кейіпкерлерді жалғыз өзі сомдап шығып, “Бейнелерді үздік сомдаушы” аталымының иегері атанған. Орыс тобын тамамдаған жас сахнагерлердің де бағындырған шыңдары аз емес. Мәселен, Дмитрий Мягких қазіргі таңда мәскеулік театрлардың бірінде қызмет етеді. Сондай-ақ, отандық театрлардың сахнасында жұлдызы жанғандары да бар.

Өнер колледжінде бұл мамандық ашылған жылдан бері 150-ге жуық жас өрен актерлік өнердің бұлағынан сусындаған. Бөлімнің қазақ тобынан түлеп ұшқан олардың түгелі дерлік бүгіндері С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында қызмет етіп жүр. Олар: Қуаныш Бекжігітов, Дария Әбілмәжінова, Гүлназ Гайнулина, Тұрақ Дұрысбеков, Зарина Уәлиева, Жанар Бегалина, Құртқа Аязова және Асылхан Разиев. Олар өзге сахнагерлермен бірге қазақ театрының түтінінің түзу шығуына ықпалдасады деп айтуға толық негіз бар. Себебі, бұл жас сахнагерлер бүгіндері театрдағы актерлік құрамның жас буынын құрап отыр.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Б.Шәжімбетов студенттерімен бірге.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp