Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында өткен “Туған тілім – тірлігімнің айғағы” атты әдеби кештің көздеген мақсаты – қасиетті қазақ тілі мен әдебиеті құндылығының оқушылар санасында берік орнығып, қолданыс аясының кеңеюі. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жанынан құрылған “Мағжан” жас қаламгерлер әдеби бірлестігінің мүшелері ұйымдастырған шара барысында аталмыш мектептің өлең-жырға әуес, ақынжанды оқушылары тырнақалды туындыларын оқыды. Ұлы Мағжан ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп оқығандардың да қатары қалың болды. Айнұр Жәкенова, Мадина Нұрғазина, Ақжан Жайлаубай сынды талапкерлердің шығармаларын бірлестік мүшелері жоғары бағалап, болашақтарынан зор үміт күтетіндіктерін жеткізді. Оларға мақтау қағаздар және алғыс хаттар тапсырып, ынталандырды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.