Петропавл қаласының ішкі істер басқармасында Тілдер фестивалі өтті. Аталмыш шара басқарма бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Сайыскерлер қатарын басқарма бөлімдерінің жеті командасы құрады. Байқау шарты бойынша әр топ өздері таңдау жасаған ұлттың ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, өнерлері, киімдері, тағамдары бойынша көрсетілімдер ұсынды. Командалар өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып, сол шараны тамашалауға келген әріптестеріне жақсы көңіл күй сыйлады. Фестивальдың ерекше тартымды сәттерінде татардың “Сабантойы”, қазақтың “Арқан тартуы”, орыстың “Масленицасы” жылы қабылданды. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлер туралы викториналық сұрақтарға көпшілік қызыға жауап берді.
Жүлделі үшінші орынды орыс халқы атынан өнер көрсеткен команда еншілесе, екінші орынды қазақ халқының атынан өнер көрсеткен команда иеленді. Ал бірінші орынға татар халқының өкілдері лайық деп танылды.
Нұрбай СӘБИТОВ,
облыстық ішкі істер департаментінің
мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің
жетекші маманы.