
Өткен жұма күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жиырмасыншы маусымының ашылуы болып өтті. Өнерсүйер қауымның алдында сөз сөйлеген театр директоры Біржан Жалғасбаев құрылғанына жиырма жылға жуық уақыт болған, өзіндік тарихы бар ұжымның содан бері түрлі жанрда 80-ге жуық спектакльді сахналағаны жайлы айтты. Өткен жылы бірқатар классикалық туындылар көрермен назарына ұсынылған. Ал жаңа маусымда Астана қаласының жиырма жылдығы және “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Мұхамедқанапия Баһрамұлының (Сегіз сері) – 200 жылдығына, Қожаберген жыраудың – 355 жылдығына және ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған туындылар сахналанады.
Жаңа маусымның ашылуына арналған кеште Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” әңгімесі желісі бойынша дайындалған спектакль қойылды. Қоюшы режиссері – “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері Баатырбек Шамбетов. Әйел тағдыры баяндалатын трагедиялық шығармада адам жанының психологиялық қатпарлары ашылып, риясыз, шынайы суреттеледі. Шолпанның бар арманы – перзент сүю, арқасүйер азаматы Сәрсенбайға ұрпақ сыйлау. Ойлағаны мүмкін еместігіне көзі жетсе де, ол осы жолда кері шегінбек емес. Бала үшін өз бақытын құрбан етіп, кешірілмес күнә жасаған келіншектің ішкі рухани дүниесі көрерменнің көз алдына елестеді. Шолпанның шешімін, қазақы қалпымызға жат қылығын еркектік намысы аяққа тапталған Сәрсенбай кешіре ала ма? Әрине, жоқ!
Қойылым өнерсүйер көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз. Кеш соңында театр ұжымына жаңа маусымның ашылуына орай облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.