Жыл сайын мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында “Педагогикалық дуэт” байқауын өткізу дәстүрге айналған. Байқауда дарынды педагог-тәлімгерлер мен жас мамандардың білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында бірлескен жұмысын анықтаумен қатар, ұстаздық жолға енді кіріскен педагогтерге кәсіби-тұлғалық көмек беру деңгейі сынға алынады.
Бұл жолы байқауға сырттай қатысқан 29 жұптан 14-і екінші кезеңге іріктеліп алынды. Сынақ үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде сайыскерлер жұптаса отырып өздерін таныстырды. Онда қазылардың назары жұптардың бірлесе жұмыс істеуіне, бір-бірін сезінуіне, толықтырып, көмектесулеріне басты назар аударылды. “Сабақтың шағын тұсаукесерінде” қатысушылардың дидактикалық мәдениетін игеру деңгейлері, пәнді білулері және жалпы білімпаздықтары, педагогикалық шеберліктері сыналды. “Еркін тақырыпқа арналған дәріс” деп аталған үшінші кезеңнің тапсырмасы бойынша сайыскерлерден көлемді ақпаратты тыңдаушыларға қысқаша түрде түсінікті әрі әсерлі етіп баяндау шеберліктері талап етілді.
Мамлют ауданы Воскресеновка орта мектебінің мұғалімдері Лариса Андрюхина мен Ильдар Рахматулин І орынға ие болды. Петропавл қаласындағы №21 орта мектеп мұғалімдері Любовь Мурина, Вероника Лысенкова ІІ орынға лайық деп танылды. Жамбыл ауданының И.Шухов атындағы Пресновка орта мектеп-гимназиясынан қатысқан ұстаздар Юлия Горобченко және Ксения Долотина ІІІ орынды місе тұтты.
Сонымен қатар, ерекше көзге түскен педагогикалық жұптар бірнеше аталымдар бойынша марапатталды.
Жайнагүл АЙҒОЖИНА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының маманы.
Петропавл қаласы.