1993 жылы 20 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, 15 мамыр күнін Халықаралық отбасы күні деп бекітті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мереке аясында “Мерейлі отбасы” ұлттық сайысын өткізу туралы өкім шығарды.
Отбасындағы ырыс пен бақыт, сүйіспеншілік пен өзара сыйластықтың бір нышаны болып саналатын сайыс жыл сайын аталып өтеді. Белгіленген тәртіпке орай биыл да игі шара жүзеге асты. Мағжан Жұмабаев ауданында өткен кезекті байқауға сегіз отбасы қатысып, бақ сынады. Өз өнерлерін ортаға салған отбасылардың әрқайсысы мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Өнердің қай саласын болсын жетік меңгерген үміткерлер өздеріне берілген тапсырманы абыроймен атқарып, қоғамның алтын діңгегі отбасы екендігін дәлелдеп берді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша аудандық сайыста екі отбасы жеңімпаз деп танылды. Возвышен ауылдық округінен келген Алтынбек Мұқашев пен Совет ауылдық округінің тұрғыны Николай Кляйн бастаған отбасылары татулықтың, бірліктің, тапқырлықтың үлгісін көрсетіп, топ жарып, алға шықты.
Аталмыш екі отбасы осы байқауға ерекше дайындықпен келген. Мұқашевтар отбасының шуағы болып шашылған отанасы Әсемгүл Серікқызы – мамандығы бойынша мұғалім. Ұстаздық жолды таңдаған қазақ тілінің білікті маманы қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Байқау барысында тәжірибелі ұстаз қыздарымен бірге испан биін билеп, тағы бір қырынан танылды. Анасы мен қыздарының осы байқауға арнайы дайындап әкелген тамаша өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
Жеңімпаздар қатарынан көрінген Кляйн отбасы да ұстаздық жолды таңдаған. Жас отбасының мүшелері байқау кезінде өздерін жан-жақты қырынан таныта білді. Олардың кішкентай қызы Олеся Ұлы Отан соғысы ардагерлері, отбасы тақырыптарына арналған өз өлеңдерін оқып, дүйім жұртты таң-тамаша етті.
“Мерейлі отбасы” сайысына қатысып, мерейлері үстем болған жеңімпаздар аудан әкімінің грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
(Өз тілшімізден).