«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА — ӨНЕРЛІ ОТБАСЫЛАР

Еліміздің әр шаңырағының босағасы берік, мерейі үстем болса, болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болары анық. Заман талабына сай қарышты қадаммен алға басып, отбасылық өмірде де, өнерде де өзгелерге өнеге болып жүрген жарасымды жұптардың қатары бүгінде қалыңдап келеді. Ән мен биді арқау еткен осындай өнерпаздардың бірқатары жақында Петропавл қаласында өткен отбасылық ансамбльдердің “Отбасылық одақ” облыстық байқауында бақ сынады.

Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын байқауға 12 аудан және Петропавл қаласының өнегелі отбасылары қатысты. Үміткерлер тыңдармандарға тамаша әндері арқылы отбасы татулығын, бірлігін, жарасымдылығын паш етті.

Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Назгүл мен Жарқын Ибраевтардың “Аяла” әні сәтті шықты деп айтуға болады. Олар өздерінің әсем дауыстарымен тыңдарман жүрегін селт еткізіп, ана мен бала арасындағы сүйіспеншілікті шебер жеткізе білді. Ал Мамлют ауданының намысын қолдан бермеуге тырысқан Атамановтар қазақ қыздарының қайсарлығы, қайраттылығы жайында ән айтса, Тимирязев ауданының өкілдері – Мейрамовтар бір туған бауырлар арасындағы ауызбірліктің маңыздылығын сазды әуенге қосып шырқады.

Әдемі әуен, келісімді дауыс ырғағымен әрленген байқауға баға берген қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Гүлжаз Күлманова мен Жанболат Батырбаевтардың (суретте) еншісіне бұйырды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp