Соңғы уақытта қазақ жастары арасында ұлттық өнерді дамытуға бет бұрғандар қатары арта түсуде. Әсіресе, кейінгі ұрпақтың қобыз бен домбыра сынды көне аспаптарымызды меңгеруде ынталарының зор екендігі айқын сезіледі. Қорқыт пен Құрманғазы, Ықылас пен Сүгір бабаларымыздан қалған төл мұрамызды дамытуға зор үлес қосып жүргендердің қатарында Айгүл мен Айман Итқұловалардың есімдері ерекше ілтипатпен аталады. Апалы-сіңлілілердің бірі домбырада ойнаса, екіншісі қобыздың үніне үйір.
Облыстық филармонияда қызмет ететін ару қыздар киелі сахнада өнер көрсетуді бала кездерінен армандапты. Орыс ауылында туып-өскен қос қарлығашы ұлттық тамырынан ажырап қалмауы үшін анасы Гүлбақша Болатқызы перзенттерін бастауыш сыныптардан соң, облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мектепке орналастырады. Ауылдары қала маңында болғанымен, екі кішкентайды күнде сабағына апарып-әкелу оңайға түспепті. Бірақ балаларының болашағы үшін ана мұны өткінші қиындық ретінде қабылдап, өзі де қыздарына жақын болу мақсатында облыс орталығына жұмысқа орналасқан. Перзенттерінің өнерге деген ықыласын байқаған сәттен бастап оларды түрлі шығармашылық бағыттағы үйірмелерге қатыстырады. 2006 жылы қос балапаны облыс орталығындағы өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатқа қабылданып, домбыра және қобыз сыныптарында білім алады. Бұдан соң осы бағытта жоғары оқу орынын тамамдап, Қызылжар өңіріне маман ретінде қайтып оралады.
– Асқар тау әкем де, аяулы анам да өнерден кенде болмаған жандар. Жұмыстан кейін кешкісін олардың небір әсем әндерді шырқағаны әлі күнге дейін есімде. Өздері өнерді ұлықтағаннан болар, қызғалдақтай жайқалып келе жатқан қос перзентін де осы жолға баулыды. Ата-анамыздың өнерге деген құштарлығынан ба, сіңлім Айман екеуміз де таңдаған аспабымызды жетік меңгеріп әкеттік. Сөйтіп, балалық шағымыз музыка өнеріндегі биік белестерді бағындырумен басталды, – деген Айгүл өткен күндерді сағынышпен еске алды.
Он жылдан астам уақыт бойы қобыз өнерінің қыр-сырын меңгерген Айгүл кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны тамамдады. Ұстаздарының сүйікті шәкірттерінің бірі болған ол бірнеше республикалық байқаудың жүлдегері атанып үлгерді. Тыңдармандарға қазақтың прима қобызының үнін жеткізіп, көпшілікті өнеріне сүйсінтіп үлгерді.
– Бұрынғы кезде бақсы-балгерлер қобызды науқас адамдарды емдеу үшін пайдаланған екен. Мұның астарында үлкен сыр жатыр. Өйткені, ұлттық аспабымыздың адам психикасына әсер ететін ерекше қуаты бар. Оны мен өз басымнан өткеріп жүрмін. Шығарманы орындағанда оны бар жан-тәніңмен сезіну қажет. Әрі туындының айтар ойын тек өзің сезініп қоймай, тыңдарманға да жеткізе білген жөн. Көнеден келе жатқан қасиетті аспаптың ел арасында кеңінен таралуына үлес қосып, бүкіл саналы ғұмырын осыған арнаған аға-апаларымыздың ізін жалғап, ұлттық өнердің дамуына атсалысқымыз келеді, – дейді Айгүл.
Өнерпаздың пікірінше, прима қобыз барлық ішекті аспаптардың түпнұсқасы екені этномузыка ғылымында жан-жақты дәлелденген. Мысалы, бұл туралы белгілі неміс ғалымы Роберт Бахман өз еңбектерінде жазып кеткен екен. Ғалым мұндай тұжырымға көптеген халықтардың аспаптарын құрылым жағынан салыстырмалы зерттеудің нәтижесінде көз жеткізген. Қобыздың түпнұсқасы Орталық Азияда, соның ішінде қазақ жерінде пайда болып, кейін бүкіл әлемге тараған. Әр халық оған өзгертулер енгізіп, өзінің мәдениетіне лайықтап қолданған. Нәтижесінде қазір біз ішекті-ысқышты аспаптардың көптеген түрлерін кездестіре аламыз. Солардың ішінде халық аспаптарымен қатар еуропалық классикалық аспаптарды да атауға болады.
Бүгінгі күні Айгүл мен Айман Итқұловалар Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Төл мәдениетке, тілге, ұлттық салт-дәстүрге деген ынта-ықыласының арқасында ұжымның құрметіне бөленген нәзік жандар ұжыммен де, жекелей де сахнаға шығып, жергілікті өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленуде. Ару қыздар сахнада ғана емес, той-томалақтарда да төл аспаптарымыздың үнін жаңғыртып жүр. Олар домбыра мен қобызды эстрадаға қосып, танымал туындыларды жаңаша стильде орындауға тырысуда. Осы талпыныстарының арқасында өнерсүйер қауымның ризашылығына бөленіп, болашағынан зор үміт күттіретін өнерпаздар ретінде таныла түсуде. Талантты қыздардың орындауындағы Құрманғазының, Ықыластың, Дина Нұрпейісованың және өзге де атақты күйші-қобызшылардың туындылары жаңа реңкке ие болып, әлеуметтік желілер арқылы да таралып кетті. Жуырда апалы-сіңлілі өнерпаздар онлайн концерт беріп, тыңдармандарының қатарын тағы да молайта түсті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Айгүл мен Айман Итқұловалар.