
Түрік ақыны Назым Хикмет: “Адамның жан дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек”, – деген екен. Шынында да, бұл сөздің астарында өнердің құдіреті, бұл жолды таңдаған адамның кіршіксіз ниеті жатыр. Өнерге деген құштарлық адамды әсемдікке, ізгілікке жетелейді. Ал осы жолда биік белеске шығу үшін таза жүрек, сергек сана, үлкен өмірлік тәжірибе керек.
Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында дүниеге келген Айзада мен Гүлзада Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта білім алды. Егіздер жастайынан отбасылық жиындар мен той-томалақтарда ән айтып, туған-туысқандарының қошеметіне бөленіп өскен. Өнерге деген қызығушылықтары сол кезде оянды деуге де болады. Алдарына мақсат қойып, ата-аналарының үмітін ақтаған қыздар бүгінде үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.
Айзада Дүйсенова Петропавлдағы өнер колледжінде хор дирижері мамандығын меңгеріп, үш жылдай облыс орталығындағы №7, 8 және 10 мектептерде сабақ берді. Түрлі өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленгенін де айта кеткен жөн. Кейін өнерін ары қарай шыңдау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің музыка факультетінің хор мамандығына түсіп, оны үздік аяқтады. Қазіргі таңда Айзада Дүйсенова – Нұр-Сұлтан қаласындағы “Жастар” студенттік хор капелласының дирижері. Ал Гүлзада өнердегі жолын опера әншісі ретінде Алматы қаласында жалғастыруда. Қос ару гастрольдік сапармен алыс-жақын шетелдерде де болып, өнерімен көпшілікті баурап жүр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы “Жастар” студенттік хор капелласы осыдан бір ай бұрын облыс орталығындағы Жастар сарайында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған концертке арнайы келіп, өнер көрсеткен еді. Жергілікті тұрғындарды талантымен баурап алған өнерпаздардың қатарында егіз жерлесіміз де болды. Айзада мен Гүлзада бастары қосылғанда, бірге ән шырқап, бала кездерін естеріне түсіргенді жақсы көреді екен. Репертуарларында қазақтың бас ақынының “Желсіз түнде жарық-ай”, “Көзімнің қарасы” әндері бар.
Өнер жолында жүрген егіз қыз өткен жылдың соңында “Qazaqstan” ұлттық телеарнасындағы “Nıet” бағдарламасының “Егіз феномені” тақырыбына арналған санының қонағы болған еді. Егіз болудың қызықты және пайдалы тұстары жайлы әңгімелеген олар бастарынан өткен түрлі оқиғалармен бөлісіп, көпшіліктің көзайымына айналды.
Әңгіме барысында егіздердің алға қойған мақсаттарының зор екенін байқадық. Еліміздегі өнердің, мәдениеттің дамуына атсалысып, өңірімізді танытып жүрген аруларға әлі талай биік шыңдарды бағындыруды тілейміз.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Айзада мен Гүлзада Дүйсеновалар.