«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАНЫҢ СӘНІ

“Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек,

Тұрғандай өзі қимылсыз билеп.

Иықтан шашын төгіліп жерге

Күмісті шашбау жарасып белге”, – деген өлең жолдары әркімнің-ақ есінде болар? Ба­сында бөркі, үстінде оюлы қамзолы бар, қызыл көйлегі етегіне түскен Мейрамгүлдің бейнесі осы бір әнге арқау болған қазақ қызының сұлу көрінісін көз алдыңа әкеледі. Қолына үкілі домбыра ұстаған өнерпаздың әсем әнін айтсаңшы! Екпін-ырғағы да өзгеше.

Мейрамгүл Здуәлиева – атадан балаға мұра болған дәстүрлі ән өнерінің дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан өңірдегі дарынды жастардың бірі. Бүгінде Ақжар аудандық Мәдениет үйі мен “Серпер” өнер мектебінде жұмыс істейді. Алыстағы ауданда төл өнерді насихаттап, дәстүрлі әнге қызығушылық танытқан өрендерді тәрбиелеп жүрген Мейрамгүлдің жеткен жетістігі де бір төбе. Ол – республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты. Дәстүрлі әнші әрбір жетістігін мамандығына деген ерекше сүйіспеншілікпен байланыстырады. Өскен ортасы да өнерге жақын, оның балалық шағы қазақы қаймағы бұзылмаған Қулыкөлде өтті. Кейін мектепті тамамдаған соң халық әні мамандығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алды. Жолы болған бойжеткен дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдері Клара Төленбаева, Медет Салықов, Айгүл Елшібаева сынды ұстаздардан тәлім-тәрбие алды. Төл өнердің барлық болмыс-бітімін бойына сіңірді. Қазір өзі де бар білгенін шәкірттерге үйретуде. Алдымен, аудан орталығында музыка пәнінің ұстазы ретінде еңбек жолын бастаған Мейрамгүл сахнаның сәнін келтірді. Қазір оның қатысуынсыз ауданда үлкен коцерт өтпейді десек, артық айтқандық емес.

Саф алтындай таза өнерді таңдағанына ол ешқашан өкінген емес. Өкінбейді де. Өйткені, өнер – оның өмірі. Пенде үшін жүрек қалауымен мамандық таңдап, көздеген мақсатқа қол жеткізу бір бақыт емес пе? Өзін бақытты жандар қатарынан санайтын Мейрамгүл де өмірде өз орнын тапқанына қуанады.

– Менің отбасым өнерге жақын. Бала күнімнен анам ән-жырға баулыды. Өзі де музыкалық аспапта ойнайтын. Кішкентай кезімде түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілетімді шыңдадым. Соның ішінде дәстүрлі ән жаныма жақын болды. Халық әндерін орындағанда шабытым оянады. Осындай өнер берген Аллаға ризамын. Бар өнерімді халыққа паш етемін. Көрерменнің ыстық ықыласына бөлену – мен үшін зор бақыт, – деген ол ұстаз ретінде шәкірттерінен зор үміт күтетінін жеткізді.

Қазақ қызына тән ұяңдық, кішіпейілдік, ізеттілік қасиет бойына дарыған өнерпаз ұлт тәрбиесіндегі ұстаныммен өмір сүреді. Шығармашылығымен қатар сүйікті жар, аяулы ана ретінде де өз міндетін ұмытқан жоқ. Төрт перзентін дүниеге әкеліп, өрісі кеңейіп, өнері өркен жайған Мейрамгүл Здуәлиева сынды қазақтың қыздары – ұлтымыздың мақтанышы. Өнерді сүйетін, жүрегі ән деп соққан ол табиғат берген талантымен талай биікті бағындыратынына сенімді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp