
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сахналық қойылымды өнім деп алсақ, ол көрермен қауымның алдына дайын тауар болып жетуі үшін көптеген адамдар тер төгеді. Драматургтен бастап, билет сатушыға дейін бірлесе жұмыс істейді. Пьесаның кейіпкерлерін сомдайтын сахнагерлер таңдалынып, мән-мағынасын ашатын декорациялар дайындалады. Бір шетінде актерлер өз рөлдеріне еніп, дайындалып жатса, музыканттар әуен жазады, ал тігіншілер сахналық костюмдерін тігуін бастайды.
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының цехында үш кәсіби тігінші қызмет етеді. Қолына ине мен жіп алып, түрлі маталардан сахналық костюм тігетін нәзік жандардың жұмысы көрінбесе де, қойылымның мағынасын ашып, сахнаның сәнін кіргізеді. Тігін цехының меңгерушісі Күләйра Жұмағұлова театрда 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол бұл ұжымға келмес бұрын жеке тігін шеберханаларында қызмет еткен.
– Сахналық костюм тігу шығармашылық жұмыс болып табылады. Белгілі бір қойылым кейіпкерлеріне қоюшы-суретшінің салған эскиздері бойынша киім тігеміз. Егер де жазушы кейіпкерінің бейнесін ашу үшін оның киген киімін, түр-сұлбасын сөзбен жеткізсе, сахнада кейіпкердің бейнесін толыққанды суреттеу үшін оның сол заманға сай киім киісі, сәні дөп келуі қажет. Сондықтан біздің мақсат актерді, актрисаны әдемі киіндіру ғана емес, сондай-ақ киім қойылым мәнін ашуы тиіс, – дейді Күләйра Жұмағұлова.
Нәзік жандардан құралған ұжымда Күләйра Мапирашқызымен бірге Мәриям Жапашева да қызмет етеді. Мәриям Манайдарқызы өзге әріптестеріне қарағанда театрда 1999 жылдан бастап қызмет істейді. Ол театр құрылғаннан бері күні бүгінгі дейін театрда көрсетілген бүкіл қойылымдарға сахналық киім тігіп келген жалғыз тігінші.
– Театр ашылғалы бері сахнада талай премьералар көрсетілді. Қойылымдар тақырып жағынан әртүрлі болды. Тарихи, драма, комедия, трагедия жанрларындағы әр шығарманың оқиғалары әртүрлі. Оның уақыты әр кезеңді қамтиды. М. Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, Ғ.Мүсіреповтің “Қыз Жібек”, “Қозы көрпеш-Баян сұлу”, С.Мұқановтың “Балуан Шолақ”, М.Жұмабаевтың “Батыр Баян”, С.Жүнісовтің “Елім-ай”, Д.Исабековтің “Тыныштық күзетшісі”, “Өйтпесе Мағжан бола ма?” сынды елдің мәдениеті мен әдебиетінде ойып тұрып орын алған тарихи маңызы бар қойылымдар сахналанды. Қарап тұрсаңыз, тізіп шыққан қойылымдардың барлығы дерлік өткен заманда орын алған. Сол заманның тарихын, шынайы көрінісін сахнада бейнелеу үшін декорациялардан өзге актерлердің киетін киімдері де сәйкес келуі тиіс. Бір қойылымда басты кейіпкердің бірнеше киімі болады. Мәселен, “Қыз Жібек” қойылымындағы Жібек – байдың қызы. Оның сұлулығы мен дәулетін көрсету үшін біз Жібектің өзіне ғана бірнеше қазақ көйлегін тіктік. Сол сияқты Төлеген мен Бекежанның да киімі бір көргеннен көздің жауын алуы тиіс. Оның образына сәйкес болуы қажет. Осы сияқты қойылымдарға киім тіккенде қазақ халқының сол кездегі киім киісі арқылы тарихына үңілгендей боламыз. Театрда жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған “Өйтпесе Мағжан бола ма?” спектакліне тіккен киімдер ерекше есте қалды. Онда біз киімді Мағжан мен Зылихаға ғана емес, орыс әдебиетінің классиктері Максим Горький, Валерий Брюсов, Сергей Есенин, Демьян Бедный сынды ақын-жазушылардың өз кезінде киген киімдерін тіктік. Әр қойылымға киім тігу барысында біз сол уақытта болғандай әсер аламыз. Біздің жұмыс сонымен қызықты, – деген ол тігіп отырған сахналық костюмімен таныстырды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай мұқановтықтар Астана қаласында өтетін театрландырылған қойылымда өнер көрсетеді екен. Қойылымға тігін цехы 20 сахнагерге ұлттық нақыштағы әртүрлі киімдер тігуі тиіс. Елордада өтетін сахналық қойылымға еліміздің өзге облыстарының да театрлары қатысады. Сондықтан өңіріміздің атынан баратын жалғыз қазақ театры әртістерінің ұлттық киімі сапасымен, әдемілігімен көзге түсуі тиіс, дейді тігіншілер. Қазақы ұлттық киім тігу ісіне әбден машықтанып алған тігіншілердің бұл істе опық жеген тұстары болмады.
Тігін цехында екі тігінші және бір киім пішуші қызмет етеді. Өзге ұлт өкілі бола тұра қазақы ұлттық киім тігуде алдына жан салмайтын тәжірибелі тігінші – Наталья Марушкина. Оның театрда қызмет еткеніне де аз уақыт өтпесе керек. Себебі, ол қандай киімнің қай қойылымға сай тігілгенін көзін жұмып отырып, айтып бере алады.
– Бір қойылымды міндетті түрде екі актерлік құраммен ойнайды. Екі бірдей актер не актриса бір рөлді сомдайтын болса, біз екеуіне де екі бөлек киім тігеміз. Егер де қандай да бір қойылымда ойнаған актер ауысып кетсе, киімді соның көлеміне қарай қайтадан пішіп береміз. Киім сәнді болып қана қоймай, актерлерге кигенге ыңғайлы болуын да қадағалаймыз, – дейді ол.
“Театрдың шымылдығы ашылып, қойылым сахналанған уақытта біз де көрермендермен қатарласа спектакльді бірге тамашалаймыз. Көрермен қол соғып, залдан көтеріңкі көңіл күймен немесе шығармадан бір ой түйіп қайтса, онда біздің де еңбегіміздің зая кетпегені”, – деген тігін цехының меңгерушісі Күләйра Мапирашқызы қағаз бетіндегі салынған қазақ қызының бейнесін киім арқылы әсем жеткізудің жолын әріптестерімен талқылауға кірісті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.