«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“САХНАҒА ҚАЙТА ОРАЛДЫМ”

Дәстүрлі сауалымызды осыдан жиырма жылдай бұрын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театры ашылған тұста қызмет еткен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті түлектерінің бірі, актриса, тележүргізуші Нұргүл Мағауинаға қойған едік. 

– Мен Қызылжар өңірінде, қателеспесем, 2006 жылға дейін еңбек еттім. Содан кейін елордаға қоныс аудардым. Оның өзіндік себебі бар. Қызылжардағы қазақ өнерінің қарашаңырағында қызмет ете жүріп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде экономист мамандығы бойынша білім алдым. Театрдың қазығы қағылған күннен бастап басты рөлдерді сомдағаным көзі қарақты көрермендердің есінде болар. Қандай спектакль болмасын маған жетекші рөлдер бұйыратын. Кейіпкер образын сахнаға сәтті алып шығу, өзіңе берілген мәтінді жаттау оңай шаруа емес. Оның үстіне облыс орталығындағы өнер колледжінде сахна тілі деген пәннен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеу ісіне де атсалысып жүрдім. Жұмыс кестем өте тығыз болды. Шыны керек, өз мамандығымның қыр-сырын үйрену үшін уақытпен санаспадым. Жұмыстан қажыдым ба, әлде шығармашылығымда тоқырау болды ма, әйтеуір, өзімді өзге салада көргім келді. Осылайша Нұр-Сұлтандағы бір компанияға экономист болып жұмысқа орналастым. Онда төрт жыл қызмет еттім. “Ат айналып қазығын табады” демей ме, бойымдағы бар қабілетім де, мінезім де өнермен үйлесетінін ұғынған соң, сахнаға қайта оралдым. Сонымен есімдері елімізге белгілі режиссерлер тарапынан түскен өтініштерді қабылдап, түрлі киноларда бағымды сынап көрдім. Актер Нұржан Төлендиев, сазгер Арман Дүйсенов, әнші Мұқасан Шахзадаев сынды өнер адамдарымен бірге жүргізген “ХабарСтар” бағдарламасы да тыңдарманның ықыласына ие болды.

Маған негізінен сериалдарға шақыртулар көп түседі. Олардың бәріне бара бермеймін. Ұсынылған жобалардың мазмұнына баса назар аударамын. Жуырда Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай түсірілген “Ақылдың кені” атты сериалда данышпанның анасы Ұлжанның рөлін сомдадым.

 

Дайындаған
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp