Облыс орталығынан шалғайда қазығын қағып, тарихы тың игеру жылдарынан бастау алатын Тимирязев ауданының өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық салаларына қосқан үлесімен қатар рухани-мәдени дамуында алатын орны ерекше. Тұрғындары көпэтносты болып келетін ауданда көптеген өнер ұжымдары бар. Солардың бірі – “Криница” фольклорлық тобы.
Мәдениет үйінде 2011 жылы құрылған ұжым халық әндерін орындап, аудандағы этномәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Топтың құрамында халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын әншілер аз емес. Олардың қатарында Ирина Яцынаның, Андрей Меркельдің, Татьяна Фролованың, Виктор Шмидтің, Полина Береговаяның есімдерін ерекше атауға болады. Топтың құрамында “Чародеи” би ансамблі де өнер көрсетеді.
Әртістер фольклорлық әндерді орындай отырып, көрермендерін көп-этносты халықтың дәстүрлі мәдениетінен де хабардар етеді. “Криницаның” репертуарында қазақ, орыс, белорус, украин халқының фольклорлық өнерімен қатар осызаманғы әндер мен музыкалық попуррилер бар. Олардың асқақтата шырқаған әндері мен мың бұралған билері кімнің болсын делебесін қоздырып, өнерсүйер қауымды бір желпінтіп тастайды. “Криницалықтар” аудан көлемінде өтетін кез келген концерт пен бұқаралық ойын-сауықтардан шет қалып көрген емес.
Топтың жетекшісі, мамандығы бойынша хореограф Полина Береговаяның шығармашылық шеберлігі көпті тамсандырады. Ол – құйқылжыта ән айтып, бидің де үйлесімін табатын өнерлі жан.
Фольклорлық топтың әншілері орындаушылық шеберліктерімен, сәнді киімдерімен, бай репертуарларымен ерекшеленеді. Олар биылғы Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойы аталып өтетін жылы да кез келген мерекелік шараның көрігін қыздырып, көрермендердің көзайымына айналып, қошеметке бөленуде.
(Өз тілшіміз).